Қостанайда автомобиль бөлшектерін құятын зауыт салынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда автомобиль бөлшектерін құятын зауыт салынып жатыр

20.10.2022

Қазақстанға осы уақытқа дейін автомобиль бөлшектері сырттан тасымалданады. Алайда көп ұзамай біздің ел оны керсінше экспорттай бастауы мүмкін. Қостанайдағы «Өндірістік аймақта» қозғалтқыш блоктары мен басқа да ірі бөлшектерді шойыннан құятын зауыт салынып жатыр. «Өндірістік аймақта» бұдан басқа сервистік және коммерциялық кәсіпорындар бой көтереді.

Өңірге инвестиция тарту үшін Қостанайдың іргесінен «Өндірістік аймақ» 2018-ші жылы салынып, барлық коммуникациямен қамтылған. Көп ұзамай трактор құрастыру зауыты бой көтеріп пайдалануға берілді. Ұзақ жыл ауылда механизатор болып еңбек еткен Боранбай Шәйкен қазір осы зауыттың белді жұмыскері.

Боранбай Шәйкен, жұмысшы:

Қалаға алғаш көшіп келгенде құрылыста да істедім. Ұнамады онша. Жұмыс ауыр, жалақы аз. Мында жалақы тұрақты. Жылы, жайлы жер. Кілт, құрал сайманың сай.

Бүгінде зауытта 70 шақты адам жұмыс істейді. Алғашқы жылы желіден 150 трактор ғана құрастырылып шығарылса, биыл оның саны 1200-ге жетіп жығылады. Алдағы меже сырттан тасымалданатын бірқатар бөлшектерді осы кәсіпорынның базасында дайындау.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Дәл қазір зауыттан шығатын өнімнің қазақстандық үлесі 20 пайыз ғана. Ал мына жаңадан салынған цехта трактор кабиналары кәдімгі қара темірден дайындалатын болады. Бол жоба жүзеге асса осы жерден құрастырылып шығарылатын тракторлардың отандық үлесі 40 пайызға дейін көтеріледі.

Жаңа цех іске қосылса тағы 100 адам жұмысқа тартылады. Қара металлды қажетті формаға келтіріп майыстырып, дәнекерлеп, сырлап жылына 10 мың кабина жасалады.

Валентин Дашкеевич, зауыт директорының орынбасары:

Мұнан әрі трактор әйнегін және радиатор жасайтын цех ашуды қолға аламыз. Техниканың сыртқы, ішкі бет қаптамасын да өзіміз жасай бастаймыз.

Тағы бір ірі компания «Өнідірстік аймақ» аумағынан жалпы құны 160 миллиард теңге болатын екі зауыт салынып жатыр. Оның бірінде жүк көліктерінің шойын бөлшектері құйылса, екіншісінде сол бөлшектер механикалық өңдеуден өтеді.

Владислав Постущенко, кәсіпорын директоры:

Біздің өнімдеріміз тек қазақстандық тұтынушыға арналмаған. Еуропа, Америка, Қытай тәрізді әлемдегі алпауыт машина жасаушы елдерге де экспорттаймыз. Себебі біз жаңа кәсіпорын болғандықтан өндіріске ең озық технологияны енгіземіз.

Зауыт негізінен қазақстандық шикізатты кәдеге жаратады. Бұл жерден алғашқы қозғалтқыштың блогын 2024-ші жылдың басында құйып шығару жоспарланып отыр.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу