Биыл еліміз 13 жылдан кейін Республика күнін қайта тойлайды. 25-қазан мереке күндерінен алынып тасталғанымен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны қайтадан атаулы күндердің бірі етіп бекіткені белгілі. Ұлттық мереке қазақстандықтар үшін несімен маңызды? Досжан Маратұлы білді.
Біз егемендікті аңсаған халықпыз. Соның жолында репрессия, ашаршылық секілді қасіретті бастан кешірдік. Ата бабамыз аңсаған сол күнге 80-90 жылдардағы КСРО дағдарысы жақындатты. Горбачев реформасы нәтиже берген жоқ. Экономика құрдымға кетті. Коммунистік партия сынға ұшырады. КСРО-ға мүше елдерді кедейлік жайлап, одақ құрамынан шығып жатты.
Еркін Әбіл, Мемлекеттік тарих институтының директоры:
Горбочев соңғы күнге дейін КСРО-ны сақтап қалуға тырысты. Бірақ ішкі процестер, заңды болып жатқан процестер мына КСРО-ның ыдырауына әкелді. Бұл шешілмей жатқан экономикалық мәселелер. Жалпы сол жүйе сақталғанда экономиканы жақсарту мүмкін болмады. Оны бәрі де түсінді.
Қазақстан да қарап қалған жоқ. КСРО-дан іргесін аулақ салуға әрекет жасады. Сөйтіп, 1990 жылы қазанның 25-інде Жоғарғы кеңес депутаттары Егемендік туралы декларацияны қабылдады. Оны талқылап, бекіткен сол кездегі депутаттың бірі Сағымбек Тұрсынов. Тарихи құжат қабылданғандағы қуанышы әлі есінде.
Сағымбек Тұрсынов, Мемлекет және қоғам қайраткері:
Үзіліске шықтық қой. Бір-бірімізді құшақтап, қуанып, телефон мінекей декларация қабылданды деп есіміз соншалықты көтеріңкі дәрежеде көңіл күйде болдық. Одан кейін бірталай ойда болдық. Ойпырмай жеке мемлекет болдық. Мұның жауапкершілігі жоғары. Бізге қарап тұрған ел жан-жақтан Қазақстан ел бола ала ма? Жеке мемлекет болып өз күнін көре ала ма деген сұрақтар тұрды ғой..
Тұратын жөні бар. Декаларция еліміздің тәуелсіздігіне жол ашқан маңызды құжат. Онда ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Әрі саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу принципі де жарияланды. Әскер жасақтап, ішкі істер органдарын құру құқығын алдық.
Нұрлан Оразалин ақын, Ақын, Мемлекет және қоғам қайраткері:
Әр бапта сыртқы елдермен қарым қатынас қалай болу керек, қарулы күштер қалай болу керек, жерге деген меншік қалай болу керек, елдіктің бүкіл атрибуттары соның бәрі осы декларация үлгісінде талқыға түсті.
Яғни, декларацияның арқасында кеңестік заңдарды қолданудан бас тартып, өз Ата заңымызды қабылдауға қадам бастық. Әрі соның негізінде кейінірек – 1991 жылы 16 желтоқсанда – «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Конституциялық заң қабылданды. Азаттыққа арқау болған осы бір құнды құжат туралы әріптесіміз әзірлеген деректі фильмді мереке күні 13:35-те Ұлтық арнадан көре аласыздар.
Досжан Маратұлы