Қазір ғарышта Қазақстанның 6 жер серігі жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазір ғарышта Қазақстанның 6 жер серігі жүр

23.10.2022

Өткен аптада Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға сапары аясында аэроғарыш өнеркәсібін дамыту бойынша келісім жасалған еді. Бірақ бұл меморандум тасада қалып қойды. Жалпы, ғарыш саласына біздің қоғам аса қызығушылық таныта қоймайды. Бәлкім, жердегі проблемаларымызды реттей алмай тұрғанда, аспандағыны ойлауға хәліміз де жоқ шығар?! Қазақстан мен Түркияның келісіміне келсек, екі ел спутниктер мен жер серіктерінің жүйесін іске қосатын қондырғыларды бірлесе әзірлемек.

Бұл жаңалық несімен маңызды? Қазір ғарышта Қазақстанның 6 жер серігі жүр. Екеуі байланысқа, екеуі жерді қашықтан зондтауға жауап береді. Тағы екеуі ғылыми мақсатта ұшырылған. Барлығының қызмет көрсету мерзімі аяқталуға жақын. Бірақ жаңасы әлі дайын емес. Сондықтан әзірге уақытын созып, ескісін әупірімдегелі тұрмыз. «Kazsat» 2-нің қызмет көрсету уақыты 2023-те таусылуы керек еді. Енді оны 26 жылдың соңына дейін создырып жатыр. Оның өзінде алмастыратын спутник әзірге дайын емес.

2027 жылдан бастап барлық байланыс «Kazsat» 3-ке жүктеледі. Ол өзі жалғыз жұмыс істеуге қауқарлы ма? Ал одан кейін 2029 жылы ғарышқа не ұшырамыз? Қазақстандық ғалымдар спутник құрастыра ала ма? 

Қазір ғарышта Қазақстанның 6 жер серігі жүр. Екеуі байланысқа жауап беретін «Kazsat». 2 аппарат жерді қашықтан зондтайды. Яғни суретке түсіреді. Және «KazSTsat» деп аталатын екі спутник ғылыми деректер жинақтайды. Жер серіктерінің ең негізгі қызметі – мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Байланыста тәуелсізбіз. Және жер бетіндегі барлық өзгерістер күн сайын фотосуреттер арқылы қадағаланып отырады.

Алдымен «Kazsat» 2 және 3-ке тоқталайық. Бұл геостационарлы яғни жер бетіндегі 1 нүктеге байланған ғарыш аппараты. 36 мың шақырым биіктікте қалықтап жүр. Өзімізге ғана емес көрші елдерге де қызмет көрсетіп, қазынаға қаржы құюға кіріскен.

Нүркен Исмаилов, Байланысты мониторингілеу бөлімінің жетекші инженері:
Біздің ғарыштық аппараттар техникалық сипаттамасы бойынша бұл ҚР және жанындағы орта азия мемлдекеттерінің территорияларын қамтиды. Қызмет ету зонасы дейміз. Сондықтан қазіргі таңда көрші мемлекеттеріміз Қырғызстан мемлекеті, Тәжікстан мемлекеттері байланыс операторларына телефония және ақпаратты ұзартты, ақпарат тасымалдау қызметін сол елдің операторларына сондай сервистер ұсынамыз.

2011 жылы ұшырылған «Kazsat» 2-нің қызмет көрсету уақыты келер жылы аяқталуы керек еді. Жауапты органдар зерттеулер жүргізіп, оны 2026 жылдың соңына дейін ұзартуды ұйғарыпты. Ал жұмысын 2014 бастаған «Kazsat» 3 2029 жылға дейін жарамды.

Шоқан Свагузов, «ҒБРО» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
«Kazsat» 2 жұмысын аяқтағаннан кейін оның барлық қызметін «Kazsat» 3 өзіне алады. Яғни, 3 жылдай біз тек 1 спутникпен ғана жұмыс істейміз.
Разия Буралхиева, Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары:
«Kazsat» 3-тің қауқары қазіргі функциялармен қамтамасыз етуге жетеді.

Қазір АҚШ, Түркия, Еуропаның басқа да елдерінің технологиялары зерттеліп жатыр. 2029 жылдың соңына дейін біз «Kazsat» 3R-ді әзірлеп, ұшыруымыз керек. Үлгермеген жағдайда күніміз көрші елдердің аппараттарына қарап қалады. Бұл ақпараттық қауіпсіздіктің тізгінін өзгенің қолына ұстатумен тең дейді, мамандар.

Разия Буралхиева, Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары:
Жер серіктерінің технологиялары да өте дамып келе жатыр. Ол технологиялардың, инновациялық технологиялардың бәрін біз пайдалануымыз керек.
Шоқан Свагузов, «ҒБРО» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Бұл жер серігі соңғы технологияларды пайдалана отырып құрастырылады. Әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болады деп жоспарлап отырмыз. Жылдамдық бұрынғыдан да мықты, жұмысы ауқымдырақ болады. Құрылысын 2023-2024 жылдары бастаймыз.

«Kazsat» аппараттары Қазақстанның құлағы десек KazЕОsat көздері. Күніне бірнеше рет жер бедерін суретке түсіреді. Олар ауыл, орман шаруашылығы, тау-кен, төтенше жағдай қызметінде, тіпті әкімдіктердің жұмысында да пайдаланылады. Мәселен мынау Шардара су қоймасының тасыған кезінде жасалған суреттер. Қай елдімекендерді су басқанын, тасқын қай бағытта жүргенін толық көруге болады. Қостанай облысында болған өрт кезінде де спутниктік суреттер өрт сөндіру жұмыстарын жеңілдеткен.

Өскен Тойшыбеков, «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК кеңістіктік деректер департаментінің директоры:
Өрт болып жатқан кезде бұл картадан желдің бағыты оның жылдамдығы, жақын арада қандай елдімекендер бар, қандай орман алқаптары бар, қандай су объектілері бар бәрін анықтап көріп сол төтенше жағдай министрлігі жұмыстарын жоспарлауға ыңғайлы болады.
Берік Рахымжанов, Ғарыштық жүйелер департаменті директорының орынбасары:
ТМД елдерінің ішінде Әзірбайжанда, Ресейде, Қазақстанда. Сосын Белорусия мен Украинада болған. Бірақ олар қазір тоқтап тұр. Орталық Азияда бұндай технологиялар басқа елде жоқ.

Спутниктің көмегімен заңсыз қоқыс полигондарының пайда болуының, орман алқаптарын кесудің, тіпті рұқсат етілмеген жерге құрылыс жұмыстарының жүргізілуінің алды кесіледі. Сондықтан мұндай қызмет түрлеріне сырттан сұраныс та жоғары көрінеді. Біздің аппаратар жасаған суреттерге сұраныс жоғары.

Берік Рахымжанов, Ғарыштық жүйелер департаменті директорының орынбасары:
Бұл аппараттар 2014 жылы ұшырылған. Қазіргі кезде бұл аппараттар өзінің жобалық уақытынан өтті. Бұл аппараттар жобалық уақытынан асып ары қарай жұмыс істеп жатыр. Қазіргі кезде біз бұл аппараттарды 2023-2025 жылдарға қолдану уақытын созу бойынша сараптама жасап жатырмыз.

Яғни, бізде бар жасанды жер серіктерінің барлығының пайдалану уақыты таусылып келеді. Оларды ауыстырудан бөлек, қазір орта және төмен орбиталы жер серіктерін ұшыру мәселесі қарастырылып жатыр. Мундай аппараттар шалғайдағы елдімекендерді байланыспен, интернетпен толық қамтуға мүмкіндік береді.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу