Қазақстан Қайта құру банкінен 346 млн еуро қарыз алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Қайта құру банкінен 346 млн еуро қарыз алады

26.10.2022

Қазақстан Қайта құру банкінен 346 млн еуро қарыз алады. Бұл ақша ұлттық қорға иек артпай, әлеуметтік саланы тұрақты түрде қаржымен қамтуға жұмсалады. Бүгін Мәжілісте Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта құру және Даму банкі арасындағы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы екінші оқылымда мақұлдады.

Сәбит Әлдебай, тілші:

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, еліміздегі бюджет тапшылығы артып отырған жоқ. Керісінше, жыл сайын жалпы ішкі өнімге шаққанда бұл көрсеткіш азайып келеді. Сыртқы қарыз биыл жалпы ішкі өнімнің 3,3 пайызын құраса, келесі жылы 2,7 пайызға дейін түседі деген болжам бар. Негізінде бюджет тапшылығы болмас үшін керек қаражатты Ұлттық қордан толығымен жабу қажет. Алайда бұл заң бізге Ұлттық қорға түсетін қаражатты сақтауға мүмкіндік береді.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Қаржы министрі:

Дүниежүзінің масштабымен қарасақ, ол түк емес 3,3 пайыз деген, біздің сыртқы қарыз 24/25 проценті құрайды. Американың, Еуропа елдерінің сыртқы қарыздары, жалпы ішкі өнімнің 100 процентінен асып кетеді. 150-240 процентке дейін кете береді.

Сәбит Әлдебай, тілші:

Халықаралық Қайта құру және Даму банкінің несиесі Қазақстанға 345,7 миллион еуро сомасында 11,5 жыл өтеу мерзімімен, оның ішінде 2,5 жылдық жеңілдік кезеңімен беріледі.

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу