Astana Media Week-2022 апталығы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Astana Media Week-2022 апталығы басталды

26.10.2022

«Жаңа дәуір - жаңа медиа». Биылғы Astana Media Week-2022 апталығының арқалаған тақырыбы осы. Алтыншы рет өткізіліп отырған шара отандық және шетелдік жетекші медиаменеджерлер мен журналистер, блогерлер, тәуелсіз сарапшыларды бір алаңға жинады. Мамандар сапалы, объективті ақпарат берудің жаңа тәсілдерін талқыға салып жатыр.

Ақиқат пен жалған. Ақпарат алаңында екеуі де қатар жүр. Әсіресе интернет желісінде кибербуллинг кеселі күшейіп келеді. Жолын кескестемесе болмайды. Сол үшін барлық азаматтарға арналған медиамектеп ашылады. Өйткені, қазір халықтың көбі ақпарат тұтынушы ғана емес, ақпарат жасаушы әрі оны таратушы.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

Медиа сауаттылық бәрімізге керек. Өйткені, жалған мен жаланың немесе дерекке дәйектелмеген ақпаратты айыру үшін ақпарат таратушылардың бәрін оқыту қажет. Әрине, әуелі бірінші журналистердің біліктілігін арттыру көзделіп отыр.

Ақпарат саласының қазіргі қарқыны қатты. Оған ілесіп, ілгеру жылжу арқылы ғана жаңа медианың трендтеріне төтеп беруге болады. Былтыр азаматтардың 63 пайызы интернетті ақпаратқа жылдам қол жеткізу үшін пайдаланған. Сондықтан дәстүрлі медиа мұны қаперде ұстауы тиіс. Министр Дархан Қыдырәлі осыны еске салды. Жиынға әлеуметтік желілердің өкілдері де қатысып, ойларын ортаға салды.

Анастасия Панина, Tiktok желісінің Қазақстандағы өкілі:

Осы күзде біз Қазақстанда тикток желісінің өкілдігін ашамыз. Өйткені, сіздердің елде біздің желіні пайдаланатындар өте көп. Қазір білім беру бағытында, ақпарат саласында контентті жандандыру жолдарын қарастырып жатырмыз. Бүгін осы бағытта біраз пікір алмастық. Жоспар көп.

Медиа кеңістікте қазір кадр тапшы. Салалық журналистика дамымай тұр. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін енді жоғары оқу орындарында ғылыми дәрежесі бар оқытушылар ғана емес, журналистикада жүрген мамандар да сабақ бере алады. Өйткені, ақпараттық кеңістік түрлі технологиямен толығып жатыр. Мәселен, Метаның дамуы БАҚ-қа тікелей әсер ететінін ешкім жоққа шығара алмайды.

Хассод Амгалан, XR LAB (Meta) бас директоры:

Мета Қазақстан үкіметімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істегісі келеді. Метверс және виртуалдық шындық тәрізді жаңа технологияны таныстыруға дайынбыз. Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне презентация жасадым. Виртуалдық шындық - интернет технологиясының келесі кезеңі. Оны меңгеру арқылы алға жылжуға болады.

Орталық Азия аумағындағы ең ірі медиа алаң биыл алыс-жақыннан 150-ден астам маманды жинады. Олар 3 күн бойы 30-дан астам іс-шараға қатысады.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу