Балқаш қаласының әуежайы үлкен ұшақтарды қабылдай алмайды. Себебі әуе кемесінің қозғалу жолы мен аялдайтын алаңы әбден тозған. Техника ескірген, мамандар да жетіспейді. Осыған орай, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев стратегиялық нысанды кешіктірмей қаланы дамытудың кешенді жоспарына енгізуді тапсырды. Сөйтіп келешекте әуе рейстері көбейсе көкше көлге келетін туристердің де саны артады.
Балқаш қаласының әуежайы өткен ғасырдың 30-шы жылдары салынған. Алғашқы ұшақ 1945 жылы қоныпты. Ал 90-шы жылдары мұнда тәулігіне 70-тен астам рейс ұшқан екен.
Өкінішке қарай, кезінде қайнап жатқан тірліктің қазір мұнда жұрнағы да жоқ. Алматы мен Астанаға қатынайтын 2 рейс қалған. Оның өзі жылдың тек жылы мезгілінде ғана ұшады. Өткен жылы Балқашқа 19 мың жолаушы келсе, биыл 5 мыңға қысқарыпты. Ұшақтардың санын көбейтуге болады. Бірақ әбден тозығы жеткен әуежай әуе кемелерін қабылдауға дайын емес, - дейді мамандар.
Мейрамбек Мырзахметов, Балқаш әуежайының басшысы:
Үлкен ұшақтардың өзінің талабы бар. Үлкен ұшақтарды қабылдау үшін техниканы да өзгерту керек. Біздің қазіргі қабылдайтын ұшақтарымыз 3-4 класс ұшақтар. Сонымен қатар айтып отырмын ғой, бізге кедергі болып тұрған ұшақтың қозғалу жолы мен ұшақтың алаңы күрделі жұмыстан өтпегендіктен үлкен ұшақтар біздің алаңға келе алмайды.
Балқаш әуежайының ұшып-қону жолағы осыдан үш жыл бұрын күрделі жөнделген. Бірақ бұл жеткіліксіз. Қонған ұшақтың аялдайтын арнайы алаңы болу керек. Ал қазіргі алаң тек шағын әуе кемелерін ғана қабылдай алады.
Қазыбек Мақышев, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:
Балқаш қаласының әуежайын қазір біз жекеменшіктен облыстық коммуналдық меншікке алдық. Біздің мақсатымыз осы әуежайдың ғимаратын, ұшақтар қонып, тоқтайтын тұрақты, перронды, сонымен қатар бұру, жүру жолы деген бар, соны күрделі жөндеп, қайта жаңартудан өткізу болып табылады. Қаржы әлі бөлінген жоқ. Қазір сол мәселені пысықтаудамыз министрлікпен бірге. Балқаш өңіріне қатынайтын әуе бағыттарын көбейту де алдағы жоспарда бар.
Әуежайды жаңартуға шамамен 4,5 миллиард теңге қажет. Егер тиісті қаржы бөлінсе материалдық-техникалық базаны нығайтумен қатар, білікті мамандарды да жұмысқа қабылдау жоспарда.
Руслан Нұрланұлы