«Ескерткіштерді қорғайтын халық». Түркістанда осындай атаумен халықаралық конференция басталды. Құнды мұра, қасиетті орындар мен зиярат ету туризмі бойынша өтіп жатқан жиынға тәжірибе алмасу үшін 20 елден 60-қа жуық сарапшы келіп қатысуда. Олар «Киелі туризм саласындағы білім беру мекемелерінің халықаралық ынтымақтастығы» панельдік сессиясы аясында киелі орындарға зиярат ету туризмін қалай дамытуға болады? Оның мүмкіндігі мен келешегі қандай? Осы бағытта білім алатын студент жастардың біліктілігін қалыптастырудағы тарихи экскурсиялардың рөлі жайында пікір алмасып, ойларын ортаға салды.
Сондай-ақ жиында Қазақстанның киелі орындар географиясына кіретін мәдени мұралардың қазіргі жай-күйі мен проблемалары талқыланып жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, конференция 3 күнге жалғасады. Жиын соңында туризм бағытында білім беретін жоғарғы оқу орындары арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандум бекиді.
Айдос Сәкенов, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ректоры:
Ең басты мақсатымыз - мәдени мұрамызды қалай сақтаймыз? Туристік әлеуетін қалай жоғарылатамыз? Ең бірінші мәселе сол. Көптеген тарихи әлеуеті жоғары мавзолейлер бар. Барлық тәуекелдерден сақтап, жойылудан сақтап туристік бейімділігін насихаттау керек.
Айнұр Ақбаева