Түркістан облысы Жетісай ауданында үш мыңнан аса тұрғын баспана кезегінде тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысы Жетісай ауданында үш мыңнан аса тұрғын баспана кезегінде тұр

27.10.2022

Түркістан облысы Жетісай ауданында үш мыңнан аса тұрғын баспана кезегінде тұр. Өзекті мәселені шешу үшін аудан орталығынан алты үйдің құрылысы басталған. Алайда мердігердің салғырттығынан құрылыс жұмыстары кешеуілдеп, әлі күнге тапсырылмады. 

Облыстан шалғай жатқан Жетісай ауданында 176 мыңдай, ал Жетісай қаласының өзінде 50 мыңға тарта тұрғын бар. Қазір мұнда үш мыңға жуық адам үй кезегінде тұр. Бірақ, жылдап кезек күткен жандарға бере қоятын баспана жоқ.

Берік Мәмбетов, Жетісай аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

88 үй сатып алынған 2019 жылы. Сөйтіп 2020 жылы біз 88 көпбалалы анаға тұрғын үй беріп, қазіргі таңда үймен қамтамасыз етілді. Содан кейін үй берілген жоқ әлі.

Жергілікті халықты баспанамен қамту үшін қаланың іргесінен алты көпқабатты үйдің құрылысы басталған. Бірақ әлі күнге дейін аяқталмады. Себебі мердігер компаниялар бірнеше рет ауысқан. Яғни, бастапқыда жұмысты аяқтауы тиіс компания міндетін соңына дейін атқармай кеткен.

Мұса Абибуллаев, Жетісай аудандық қала құрылысы бөлімінің басшысы:

Екі ортада 4-5 ай өтіп, мына үй кешеуілдеді. Сөйтіп биылға қалып кетті. Негізі бұл график бойынша былтыр тапсырылуы керек еді. Былтыр тапсырғанда шынымызды айтайық бұл жерде газ жоқ. Газ жеткізбесе біз тапсыра алмаймыз бұл үйді.

Қазір құрылыс алаңында жұмыс қарқынды.

Ербол Темірәлиев, мердігер компанияның өкілі:

Қазір ішкі жұмыстар жүріп жатыр. Құдай қаласа 1-1,5 айдың көлемінде үйлер толық бітіп, тапсырылатын болады.

Алты үйдің құрылысы аяқталса, екі жүздей отбасы баспаналы болады. Десе де, пәтерлерді тапсыру үшін құрылысшылар газдың берілуін күту керек деп отыр. Ал, көгілдір отын жаңа газ тарату станциясы іске қосылмайынша берілмейтіні белгілі. Жаңа станцияның құрылысы келер жылдың соңында бірақ аяқталмақ.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу