«Орталық-Оңтүстік» автобанының «Қарағанды-Балқаш» арасындағы учаскесінің құрылысы тек 70%-ға аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Орталық-Оңтүстік» автобанының «Қарағанды-Балқаш» арасындағы учаскесінің құрылысы тек 70%-ға аяқталды

27.10.2022

«Орталық-Оңтүстік» автобанының «Қарағанды-Балқаш» арасындағы учаскесінің құрылысы тек 70 пайызға аяқталды. Келесі жылы 4 жолақты күре жол түгел тапсырылуы тиіс. Алайда, қымбатшылыққа ұрынған құрылыс компаниялары Үкіметтен қосымша қаржы сұрайды. Мердігерлер белгіленген мерзімде үлгере ме?

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Қарағанды мен Балқаш қаласының арасын жалғап жатқан автобанның құрылысы 2019 жылы басталған. Содан бері жұмыстың тек 70 пайызы ғана істелді.Жалпы ұзындығы 363 шақырым жолдың 270 шақырымы салынған. Қалғаны келер жылдың аяғына дейін бітуі тиіс. Арқадағы 6 ай қысты ескерсек, құрылысшыларға жарты жыл ғана уақыт қалды.

Жұрт жол азабын тартып-ақ келеді. Ой-шұңқыры шыққан айналма жол көлік жүргізушілерін әбден діңкелеткен. Жоба жетекшілерінің айтуынша, соңғы екі жыл бойы карантиндік шектеулердің кесірінен құрылыс қарқыны саябырлаған. Жан-жақтағы мамандарды алдырып, техниканы жеткізу оңайға соқпапты. Ол аздай, материал тапшылығы да қолды байлайды.

Сырым Хамзин, «Қазавтожол» ҰК» АҚ ҚОФ директоры:

Жылы материалдар күрт қымбаттап, сол қиындық тудырды. Оны атап айту керек, бұл жоба 2016-2017 жылдары жобаланған болатын. Сол жердегі сметалық құжаттарға сәйкес, бұл бағалар 2017 мен 2020 жылғы аралықтағы инфляцияға сәйкестенген.

Жобаның әу бастағы құны 248 миллиард теңге. Алайда одан бергі 3-4 жылда құрылыс материалдарының құны шамамен 30 пайызға шарықтап кеткен. Енді мердігерлер қосымша қаражат сұрап отыр. Бірақ, өтініштері ескеріледі ме ол жағы әзірге белгісіз.

Әли Четкин, мердігер компанияның үйлестірушісі:

Қайта есептеу болады деп жатыр, білмейміз енді бола ма, болмай ма, біз де соны күтіп отырмыз. Әзірге бас мердігер ақшасымен салып жатырмыз. Ол ақша берді. Келесі жылы бітіру үшін көп техника керек, көп адам керек. Енді корректировканы күтіп отырмыз. Сосын аламыз. Өзімізде бар. Көбісіне ремонт жасаймыз. Мүмкін арендаға аламыз ба, техника керек келесі жылы.

Еліміздің көлік логистикасы үшін аса маңызды бұл ірі жобаны қазір шетелдік бас мердігер және 3 қосалқы мердігер жүзеге асырып жатыр. Құрылыс жұмыстары 8 учаскеге бөлінген. Бүгінгі күнге дейін айналма жол 8 шақырымға қысқарыпты.

Дәл осы «Орталық-Оңтүстік» автобанының құрылысына қатысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері жауап берді. Олардың айтуынша мердігер шығынына қарай қайта есептеу жүргізіледі.

Нұртілек Хасенов, ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің бас сарапшысы:

Нарықтағы материалдардың бағасы, дизель отынының бағасы қымбаттауына байланысты құрылысқа айтарлықтай әсер еткені ол министрлікке мәлім. Алайда келісім шартта белгіленген сомма бойынша белгіленген жұмыстар одан әрі жалғасын тауып жатыр. Әрбір мердігердің келісім-шартында құрылыстың өсуіне байланысты қосымша құн өсіру қарастырылған. Алайда ол келісім-шартта белгіленген соммадан асып кетпейтіндей бағада болып қалады.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу