Елімізде биылғы жылдың басынан бері қазақ тілінде әлі бірде-бір қойылым өткізбеген мемлекеттік қуыршақ театрлары бар . Өкініштісі, бұл бірінші рет емес. Біреуге кіші театрдағы бұл оқиға үлкен мәселе ретінде көрінубеуі де мүмкін. Бірақ, қуыршақ театрындағы тіл – бала тілін қалыптастырады. Өнер мен өмірдің де алқашқы мектебі сол. Оның үстіне мемлекеттік театрда мемлекеттік тілге немқұрайлы қарау қисынсыз.
Қостанай облыстық қуыршақ театрына жылына 25-30 мың көрермен келеді. Қазір мұндағы репертуарда 40 спектакль бар. Жылына 20 спектакльді қайталайды және жыл сайын жаңа 3-4-еуімен толығып отырады. Бірақ, биыл қазақ тілінде бірде бір қойылым болмаған. Қашан сахналатыны да белгісіз.
Юлия Семенова, Қостанай облыстық театрының көркемдік жетекшісі:
Қашан болатынын әлі білмеймін. Негізі 21-і болады дегенбіз. Бірақ, не себепті екенін білеймін, болмай қалды. Қазір енді театр әкімшілігі бұл мәселемен айналысып жатыр.
Облыстық театрда мемлекеттік тілде қойылым өтпеуінің негізгі себебі қазақ тілді кадр жоқ дейді. Сондықтан, алдағы уақытта мұндағы қуыршақтар әрі кетсе фонограммамен өнер көсетуі мүмкін. Қос тілді кадр тапшылығы басқа аймақтарда да бар. Тек, керісінше.
Айжан Садықова, Қуыршақ театрының артисі:
Орысша қойылымды әр берген сөздерді жақсылап тұрып жаттап аламыз. Ұмытпайтындай. Содан кейін өзіміздің ішімізден шығып жатқандай айтып береміз. Ал, былайша айтқанда әртістеріміздің барлығы қазақ тілді әртістер.
Жалпы, мемлекеттік тілде спектакль өткізбейтін немесе өте аз сахналайтын қурышақ театрлары бірнеше өңірде бар. Әсіресе, жекенің қолындағы шағын тетарлар. Мысалға, Қарағандыдағы қуыршақ театрында қазақ труппасы жоқ.
Құралай Ешмұратова, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі:
Қуыршақ театры дегеніңіз - онда қазақ тілді спектакль болмаса ол театр балаларды бұзады. Ең бірінші бала қайда барады? Қуыршақ театрына келеді. Өз ана тілінің ертектерін көрмесе, естімесе ол бала ертең мәңгүрт болады ғой.
Тіл жанашыры Оразгүл Асанғазы да бұл мәселенің маңыздылығын айтады.
Оразгүл Азанғазы, қоғам қайраткері:
Біріншіден актерлерге жағдай жасау керек. Екіншіден, барлық жерде қуыршақ театры қазақ тілінде болуы керек. Ақша беріп жатыр мемлекет, сол ақшаның мемлекеттік тілге жұмсалмай жатқанын сұрау керек.
Мәдениет және спорт министрлігіне театрлардағы тіл мәселесін жеткіздік. Олар қуыршақ театрлары жергілікті әкімдіктерге қарайтынын айтып отыр.
Данияр Алиев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет комитеті төрағасының орынбасары:
Қуыршақ театрындағы қойылымдардың 100 пайызы мемлекеттік тілде, болмаса 100 пайыз орыс тілінде емес, ол аралас тілде. Сол жерде тұратын халықтың ықылас, сұранысына байланысты. Егер кей облыстарда 100 пайыз орыс тілінде болса оның бәрін қарап, уәкілетті орган ретінде жергілікті атқарушы органдарға сол жердің басшыларына, мәдениет басқармаларына ұсыныс ретінде жолдайтын боламыз.
Министрлік бұл мәселені қолға алып, жуық арада оң шешім шығаратын жеткізді. Солай болса, елдегі қуыршақ театрлары түгел қос тілде қатар сөйлеуі тиіс.
Азамат Бейбітұлы