Мәскеу Украина астығын тасымалдау туралы шілдедегі келісімнен шығатынын мәлімдеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеу Украина астығын тасымалдау туралы шілдедегі келісімнен шығатынын мәлімдеді

30.10.2022

Ал Мәскеу Украина астығын тасымалдау туралы шілдедегі келісімнен шығатынын мәлімдеді. Мұндай қадамға сенбіде Ресейдің Қара теңіздегі флотының кемелеріне дрондармен шабуыл жасалуы түрткі болған. Кремль бұл оқиға үшін Украина армиясын кінәлап отыр. Киев болса, Мәскеу келісімнен шығу үшін көптен бері сылтау іздеп жүрді деп мәлімдеді. Сонымен бірге осы аптада Ресей президенті бірнеше мәрте Украинаны радиоактивтік «лас бомба» жаруға дайындалып жатыр деп айыптады. Киев Владимир Путиннің бұл мәлімдемесін жоққа шығарып, Ресей мұндай бомбаны өзі қолдануы мүмкін екенін ескертті. Тақырыпты халықаралық шолушы Арай Төлегенқызы жалғастырады.   

Ресей Украина порттарынан астық экспорттауға мүмкіндік беретін келісімнен шығу туралы біржақты шешім қабылдады. БҰҰ мен Түркияның қатысуымен жазда ашылған гуманитарлық дәліз бойынша жүк кемелерінің қозғалысы бүгіннен бастап тоқтады.

Кремльдің мұндай шешіміне Ресейдің Қырымдағы Қара теңіз флоты инфрақұрылымына, кемелеріне жасалған шабуыл түрткі болып отыр. Мәскеу Киевті нысанға 16 дронмен соққы берді деп айыптады. Украина тарапы бұған қатысты ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Игорь Конашенков, Ресей Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

Киев режимі Қара теңіз флотының кемелері мен азаматтық кемелерге шабуыл жасады. Пилотсыз 9 аппарат пен 7 автономдық теңіз дроны қолданылған. Оларға тойтарыс бердік. Айта кететін жайт - шабуылға ұшыраған кемелер Украина порттарынан ауылшарушашылық өнімдерін экспорттайтын жасыл дәліз қауіпсіздігін қамтамасыз ететін.

Ресейдің қорғаныс министрлігі Украина әскеріне шабуыл жасауға британиялық мамандар көмектескенін айтты. Бірақ бұған еш дәлел келтірген жоқ. Бұған қоса оларды «Солтүстік ағын» газ құбырын жаруды ұйымдастырды деп те айыптады. Ұлыбритания қорғаныс министрлігі мұны шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді.

Украинаға заңсыз басып кіру кезіндегі сәтсіз әрекеттерінен назарды басқаға бұру үшін Ресей қорғаныс министрлігі жалған мәлімдемелер таратып жатыр. Бұл ойдан құрастырылған оқиға.

Ал жоғарыда айтылған астық келісіміне тоқтала кетсек. Шілденің 22-де Украина, Ресей және Түркия БҰҰ-ның қатысуымен Ыстанбұлдағы келіссөз барысында Украина астығын экспорттауды жаңғыртуға келіскен еді. Содан бері елдің оңтүстік порттарынан әлемнің түрлі еліне 9 млн тонна астық жеткізілді. БҰҰ-ның мәліметінше, астық келісімі 100 млн адамды аштықтан аман алып қалған. Енді сол мәміле белгісіз мерзімге дейін күшін жоғалтып отыр. Украина тарапы халықаралық қауымдастықты бұған қарсы шара қабылдауды талап етті.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Мұндай әрекетке халықаралық деңгейде, атап айтқанда БҰҰ, Үлкен жиырмалық деңгейінде жауап берілуі тиіс. Ресей осы арқылы Африка, Азия елдеріне қайта ашаршылық қаупін төндірейін деп отыр.

Сонымен бірге осы аптада Ресей Украина соғысты өршіту үшін радиоактивтік лас бомба қолдануға дайындалып жатыр деп айыптады. Бірақ бұған да еш дәлел келтірген жоқ. Ресми Киев болса, мұны жоққа шығарып, Мәскеу лас бомбаны өзі қолдануы мүмкін екенін ескертті. Айта кететін жайт - Батыс елдері Ресей Украинада ядролық қару қолданудан тайынбайды деп мәлімдеп келген еді. Ресей президенті Владимир Путин бұл болжамды жоққа шығарды. «Мұндай қару қолдануға не саяси, не әскери қажеттілік жоқ», - дейді Кремль басшысы. Сонымен бірге Украинамен келіссөзге дайын екенін жеткізді.

Владимир Путин, Ресей президенті:

Келіссөз жүргізуге дайын екенімізді бірнеше мәрте айттық. Киев режиімінің лидерлері Ресеймен келіссөзді жалғастырудан бас тартты. Вашингтон Киевке өз ұстанымын өзгерту туралы белгі берсе, мәселені бейбіт түрде шешуге болады.

Украинадағы қарулы қақтығыс тоғызыншы айға аяқ басты. Жергілікті әскер Батыстың қуатты қаруының арқасында артиллериясын күшейткен. Ал, Ресей оларға қарсы қанатты зымырандарын, үлкен армиясы мен миллиондаған снаряд қолданып жатыр. Осындай тұста Украина билігі алдында тұрған өзекті мәселе - елді электр қуатымен қамтамасыз ету. Қазанның 10-нан бергі жойқын шабуылдардан Украина электр станцияларының 30 пайызы қираған. Қыста жарықтың толық өшуіне жол бермес үшін миллиондаған украиналық электр қуатын үнемдеп пайдалануға мәжбүр.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу