Жамбыл облысындағы ауруханаларға 200 дәрігер жетіспейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысындағы ауруханаларға 200 дәрігер жетіспейді

31.10.2022

Жамбыл облысында 200-ге жуық дәрігер жетіспейді. Әсіресе, аудандық ауруханаларда акушер-гинеколог, неонатолог, реаниматолог мамандарға сұраныс жоғары. Дәрігерлердің көбі жекеменшік емдеу мекемелеріне ауысып кетеді. Өйткені онда жалақы жоғары. 

Облыс орталығынан 80 шақырым жерде орналасқан Ақкөл ауылы бұрын 10 мыңнан аса халық тұрған елдімекен, Талас ауданының орталығы болған. Кейін аудан әкімдігі Қаратау қаласына көшкен соң ғимараттар босап қараусыз қалады. Ауылдағы орталық амбулатория да сол тозығы жеткен ғимараттардың бірінде орналасқан. Көгілдір отынға қосылмаған, су құбыры тартылмаған емдеу мекемесінде жағдай жоқ әрі маман тапшы.

Нұржамал Айдынбекова, учаскелік дәрігер:

Айлықтары төмен болған соң мына екі қызым да кетем деп жатыр. Көп жылдан бері істеп келе жатқан акушерім бар. Ол да ауысып жатыр. Акушер ауадай қажет. Тұрақтандыру үшін айлықтарын көбейтсе екен. Жалақысы жақсы болса, ешқайда кетпейді ғой.

Ал аудандық орталық ауруханаға 10-нан аса дәрігер жетіспейді. Әсіресе, акушер-гинеколог, реаниматолог сынды аса қажет мамандар. Тапшылықтың тағы бір себебі, емдеу мекемесі қала аумағында орналасқандықтан келетін жастарға мемлекеттік жәрдемақы берілмейді.

Мұратқали Отыншиев, Талас аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Акушер-гинеколог керек. Бізге керек дәрігерлер амбулаторияға керек емес. Олар қалаға керек. Реаниматолог, травматолог, лор дәрігері ауылдарға керек емес. Ол сол орталықтандырылған емханаға, ауруханаға қажет.

Кадр тапшылығы бүгінде өзекті мәселеге айналған. Қазір дипломын енді алған жас түлектерді сыртқа жібермей, жұмысқа орналастыру бойынша оқу орындарымен келіссөздер жүріп жатыр. Сондай-ақ, әкімдіктен жас мамандар үшін арнайы грант бөлінбек.

Жанар Оспанова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Маман тапшылығын азайту мақсатында қазір, әсіресе аулдық елдімекендерде, мамандарды көптеп шақыру жолға қойылып жатыр. Облыстық әкімдік тарапынан да аудан әкімдіктеріне тапсырма берілді. Осы ауылға келген маманды жан-жақты материалды, моральді қолдауға және оларды ауылға ұзақ уақытқа алып қалуға.

Биыл аймаққа 16 резидент, 80 жас маман келеді деп жоспарланған. Министрлік тарапынан оларға медицина мекемелерінде кемі 5 жыл жұмыс істеу керек деген талап қойылмақ. Ал «Димпломмен ауылға» бағдарламасы аясында жыл басынан 104 жас маман жұмысқа орналасты. Алайда облыста зейнет жасына жақындап қалған 400-ге жуық дәрігер барын ескерсек, кадр тапшылығымен күрес ұзаққа созылатын секілді.

Н.Болатұлы, Ғ.Айдарқұлов

Хабарламаларға жазылу