Астанада соққыға жығылған баланың анасы Ұлттық арнаға шағымданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада соққыға жығылған баланың анасы Ұлттық арнаға шағымданды

02.11.2022

Жаңалықтар қызметіне еліміздің түкпір-түкпірінен түрлі арыз-шағымдар көп келеді. Сондай шағымның бірі астаналық тұрғын Әсел Балмағанбетовадан түсті. Ол мүмкіндігі шектеулі баласын бір топ жасөспірім соққыға жығып кеткенін айтып, бұзақылардың тиісті жазаға тартылмағынын және полицияның істі дұрыс жүргізбегенін айтты.

15 жастағы Алмас қыркүйектің 1-де аулаға шыққан. Бір топ бала оған балағат сөз айтып, мазақ қылса керек. Төбелес содан басталады. Алмастың анасының айтуынша, оннан аса бала оны ұрып-соғып, мұрынын сындырған. Ал Алмастың көзі нашар көреді. Үшінші топтағы мүгедек. Оны тепкіге алғанда көзімен бірге денесінен де жарақат алған.

Әділхан Ералиев, лор-дәрігері:

Баладан анализ бен рентген жасалған. Мұрыны бір жерден сынған. Сосын операция жасалған. Операция бәрі жақсы өтті. Бала 5 күн жатты, антибиотик алып, таңу жасалды. Сосын шығардық баланы.

Істі Алматы аудандық полиция бөлімшесі қараған. Сот-медициналық сараптама Алмастың жарақатын жеңіл деп таныпты. Ал оқиғаға бір бала ғана кінәлі деп шешім шығарылған. Іс жүргізу барысында қателіктер көп болды. Тіпті полицей емхананың нөмірін де ауыстырып жіберген дейді Әсел Балмағанбетова.

Әсел Балмағанбетова, қала тұрғыны:

13 баланың ішінде жалғыз бала жауапты болып тұр да, қалғандары шетте. Менің талабым барлық ата-аналар да жауапқа тартылсын. Қанша бала ұрды, сонша. Бұлар қазір бұлай істеп жатқанда басқаның обалына қалмасыншы деймін. Сол үшін заң бар екенін, тәртіп бар екенін бала сезіну керек.

Ата-ананың арызын қалалық полиция департаментіне жеткіздік. Олар сот-медициналық сараптамасының нәтижесіне сүйендік және кәмелет жасқа толмағандарға қылмыстық емес, әкімшілік жаза ғана қолданылады деп отыр.

Нұралы Тәңірбергенов, Астана қаласы полиция департаментінің ресми өкілі:

Қазіргі уақытта шағымданушының баласы тағы да қосымша ем алуына байланысты біздің полиция қызметкерлері қосымша сот-медициналық сараптама тағайындау жұмыстарын ұйымдастыруда. Яғни жан-жақты емделген емханалардан анықтама парақшаларын алып, сараптаманың нәтижесіне қарап, заңды шешім қабылдайтын боламыз.

Демек Алмас үшінші рет сот-медициналық тексерістен өтеді. Соның нәтижесіне байланысты іс қайта қаралады.

Азамат Бейбітұлы.


Хабарламаларға жазылу