Шардара ауданында балық өңдейтін кәсіпорындар өнімнің сексен пайызын сыртқа экспорттаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шардара ауданында балық өңдейтін кәсіпорындар өнімнің сексен пайызын сыртқа экспорттаған

02.11.2022

Түркістан облысы, Шардара ауданында балық өңдейтін кәсіпорындар биыл 5 млрд теңгенің өнімін өндіріп, сексен пайызын экспортқа шығарды. Ауданда бес балық зауыты жұмыс істеп тұр. Өнімнің сапасы жақсы болған соң, экспорт ауқымы да кеңейе түскен. Қазір АҚШ пен Израиль, Түркия елдері де балық өнімдеріне тапсырыс бере бастады.

Балық зауытында жұмыс қызып жатыр. Мұнда балық өнімдерін өңдеу, тұздау, ыстау, жем шығару және вакуумдеу цехтары бар. Шабақтар Шардара су қоймасында өсірілсе, өзге балықтар Арал теңізі мен Зайсан, Балқаш көлдерінен тасымалданады. Ресейдің бірнеше қаласынан да жеткізіледі. Арнайы цехтарда сүйегінен ажыратылып, тұздалады. Тиімділігі сол, шикізат қалдықсыз өңделеді.

Маржан Жұртбаева, технолог:

Тәулігіне 12 тонна көксерке балығы сойылады. Балық кесуге бір ауысымда 18 адам жұмысқа тартылған. Және тапсырыс бойынша, қабылдаған сазан тушка кесіп береміз. Бір айда 400-450 мың айлық алып жатырмыз.

Зауыт жұмысы еуропалық стандартқа негізделген. Жаңа технология енгізу мен балық өнімдерінің сапасын жақсартуы тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырып отыр. Бүгінде дайын өнімнің басым бөлігі экспортқа жөнелтіледі. ЕуроОдақ пен ТМД елдерінен тапсырыс мол. Олардың қатарында Польша, Германия, Венгрия, Литва мен Ресей, Украйна да бар.

Сәбит Танабаев, аға технолог:

Горбуша деген балықтан істеп жатырмыз, лещьтен, жырық балық, щука балықтарынан жаңағы айтқан Турциядағы клиентке осы балықтардан жіберіп жатырмыз. Израильге жіберетін болсақ, қонтейнерге салып жібереміз. Ары қарай кемемен барады. Америкаға самолетпен жіберіп жатырмыз.

Балықтың табыс көзі екенін түсінген тұрғындар осы саланы меңгеруге ден қойған. Аудандық кәсіпкерлік бөлімі мамандарының сөзінше, балық өсірумен айналысатын шаруашылықтар саны артып келеді. Себебі мемлекет тарапынан субсидия мен несие беру ісі жолға қойылған. Қажетті шикізатты өздері дайындайды. Шабақтарды тоғанда өсіріп, айдын көлге жібереді. Бұл балықтың табиғи және жасанды жолмен көбейуіне негіз болмақ.

Өмірбек Рүстемов, Шардара аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

Мынау сырттан келіп, өңдеп емес, өзімізде өсіріп, өңдеу саласын қолға алды. Яғни қазіргі таңда нақты 5 шаруа қожалығы биыл ашылып, жұмыстарын жүргізуде. Балықтың шабақтарына да, балықтың жемінің басқа түрлеріне субсидия қаралған.

Сондай-ақ, кәсіпкерлерге Сырдария-Қызылқұм каналдарының бойынан жер телімдері беріліп, шабақ өсіруге қолайлы жағдай жасалуда. Арнайы мамандар барып, балық шаруашылығының технологиясын үйретеді. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде келер жылы тағы 12 кәсіпкер балық өсіру ісімен айналысуды жоспарлап отыр.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу