Елімізде «Адам саудасына қарсы күрес туралы» заң жобасы дайындалып жатыр. Оған қылмыстың «ықтимал құрбандары» мен «осал жағдай» деген жаңа ұғымдар енгізілген. Яғни салдарымен емес, себебімен күресу көзделген.
Биыл тоғыз айда адам саудасына қатысты 79 қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде құлдыққа мәжбүрлеу, қинап ұстау, сату фактілері бар. Тіпті жаңа туған нәрестені саудаға салатындар да кездеседі. Жыл басынан бері бала сату бойынша тоғыз іс қозғалған.
Әлібек Оразалы, ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығының орынбасары:
Тамыз айында Шымкент қаласында 11 адамнан тұратын қылмыстық топ құрықталды. Олар еліміздің әр қаласынан келген қыздарды жезөкшелікке тартып, оларды мәжбүрлеп ұстаған. Олардың ішінде кәмелет жасқа толмағандар да бар.
Тоғыз айда осындай үш ұйымдасқан топ ұсталған. Олар негізінен елдің ірі қалаларында әрекет етеді. Құрбандардың жетпіс пайызы әйелдер мен қыздар. Жоғары білімі жоқ, жұмыссыз адамдар да құлдыққа жиі түседі.
Эльвира Әзімова, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл:
Өкінішке қарай бұл жағдайға көбіне әлеуметтік осал топтардың өкілдері түседі. Олар табыс табуға қабілетсіз, мемлекеттен қандай әлеуметтік көмек ала алатынын білмейтін адамдар немесе елде заңсыз жүрген шетелдіктер болуы мүмкін. Осындай азаматтардың еңбегін қанау да халықаралық шарттар бойынша адам саудасына теңестірілген.
Ішкі істер министрлігі «Адам саудасына қарсы күрес туралы» заң жобасын әзірлеп жатыр. Қазір бұл сала 10 заңмен, мемлекеттік органдардың әртүрлі бұйрықтарымен реттеледі. Соның салдарынан зардап шеккендерді айтпағанда, мемлекеттік мекеме қызметкерлерінде де толық құқықтық ақпарат жоқ. Мұның бәрі қылмыстың алдын алуға кедергі келтіреді.
Марат Ахметжанов, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі:
12 мемлекеттік орган бар. Әрбірінің өзінің құзіреті бар. Біркелкі талап болуы керек оларға. Бір үйлестіру органы болуы керек. Өйткені басын қосып бәрінің қандай бүгінгі қауіптер бар, осы жәбірленушілердің себептері, неге жәбірленуші болып жатыр, соны анықтау. Сосын бірігіп шара қолдану.
Жаңа құжатта қылмыстық іс қозғалғанына қарамастан «адам саудасының құрбаны» ұғымының заңдық анықтамасы айқындалады. Сонымен қатар «адам саудасының ықтимал құрбаны» және «осал жағдай» деген ұғымдар енгізіледі. Бұл қылмыстың алдын алуға мүмкіндік береді, дейді министр.
Серік Селеубайұлы