Шахтадағы апат: 8 кен орнының жұмысы тоқтатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шахтадағы апат: 8 кен орнының жұмысы тоқтатылды

03.11.2022

Қарағандыдағы шахтада болған апатқа байланысты Арселор миттал Теміртауға қарасты 8 кен орнының жұмысы 1 тәулікке тоқтатылды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді. Оның сөзінше, апат техногендік сипатқа ие. Кен орнында газ жарылысының толқыны шамамен 1 шақырым қашықтықта жұмыс істеп жүрген жұмысшыларды жазым еткен. 5 адам көз жұмып, тағы 4 адам жараланған. Мемлекет басшысы қаза болған отбасыларға көңіл айтып, құзырлы орындарға тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

5 адам көз жұмып, тағы 4 кенші жараланды

Көкірегінде үміті мен күдігі арпалысқан кеншілердің туыстары таң атысымен шахта алдына жиналды. Бақытжан Зәйкешованың екі ұлы осында жұмыс істейді. Екеуі де кеше жұмысқа кеткен.

Бақытжан Зәйкешова:

Екінші ұлым осында істейтін Ынтықбеков Мағжан, соны іздеді қайда деп. Қаза болғандар айтылған жоқ. Астында қалғандарды жазыпты соткаға болды. Басқа ештеңе айтпай тұр ғой. Түнде 12-де кірген.

Жүрегі қарсы айырылған ананың Мағжан атты ұлы дін аман. Алайда қайтыс болғандардың тізімінде үлкен ұлы Марғұлан бар екен. Ол не бары 26 жаста еді. Шахтаға тұрғанына үш ай болған. Отбасын құрып та үлгермеген.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Оқыс оқиға түнгі сағат 3-тер шамасында болған. Газды дренаждау скважинасын бұрғылау кезінде апат болып, ауаға шамадан тыс метан тараған. Сөйтіп кеншілердің өміріне орасан зор қауіп төнген. Өкінішке орай 5 адам қаза тапты.

ТЖМ: Апат техногендік сипатқа ие

Шахтадағы оқыс жағдай туралы ақпарат құтқару қызметіне бірден хабарланған. 830 метр тереңдікте болған апат аумағына 6 бөлімшенің 35 құтқарушысы жеткен. Оған дейін жер астындағы 101 кенші шығарылған.

Жұмат Өкенов, «Кәсіби әскерилендірілген апаттық құтқару» ЖШС ҚОФ директорының орынбасары:

Жер астына түсіп, барлау жұмысын өткізіп, ең бірінші 3 адамды таптық мерт болған. Одан кейін 1 сағаттан кейін қалған екі адамды таптық. Барлығы 5 адам мерт болған. Олардың өз орындары болған жұмыс істеген. Бір орында екі адам, одан жоғары тағы екі адам ал бесінші адам ол мастер дейді, маршрутпен жүретін кісі болған ғой.

Апат кеншілер газды дренаждау ұңғымаларын бұрғылау кезінде кенеттен ауаға метанның таралып, артынша жарылуынан болған. Құтқарушылар табылған мәйіттердің тек біреуі ғана өзін-өзі құтқару құралын киіп үлгергенін айтты. Алайда ол көмектеспеген.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

Апат аумағындағы жалын сөндірілді. Шахта ішін желдетіліп, қауіпсіздік қамтамасыз етілген кезде құтқарушылармен бірге сарапшылар тобы түсетін болады. Алдымен метанды жарылыс, сосын жану болған. Яғни апаттың техногенді сипатқа ие екенін атап өткім келеді. Алайда себебін нақты айту қиын. Өйткені кеншілер бұрғылау жұмыстарын көмір лавасында емес, беткі қабатта жүргізген. Апатқа себеп - табиғи, немесе адами фактор екенін сарапшылар нақтылайтын болады.

Қаза болған кеншілердің отбасыларына қазір психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Алдағы уақытта да оларға келісімшарт негізінде көмек көрсетілетін болады.

Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:

Қаза болған кеншілердің отбасыларына кеншілердің 10 жылдық айлығы берілетін болады. Және де қарыздары, басқасы болса, ол толығымен төленеді. Сондай-ақ компанияның ұсынысы бойынша әрбір отбасына бір пәтерден алынатын болады.

Денсаулығына зақым келген тағы 4 кенші Мақажанов атындағы облыстық ауруханаға жеткізілді. Олар метан газына уланған. Басынан қатты жарақат алған екеуінің халі ауыр. Науқастарға шұғыл операция жасау қажет.

Талғат Жүкен, Мақажанов атындағы Көпбейінді аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары:

Екеуінде де бас сүйек-мидың ашық жарақаты бар. Метан газына қатты уланған. Жағдайлары ауыр. Сондықтан қандай да бір болжам жасау қиын. Біз барымызды салып жатырмыз.

Полиция бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады. Тамыз айында өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Ленин атындағы шахтаны тексеріп, 171 заң тармағы бойынша тиісті талаптардың бұзылғанын анықтаған. Еске салсақ, осыдан 16 жыл бұрын дәл осы Ленин шахтасында қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзу салдарынан метан газы жарылып, 41 кенші қаза тапқан болатын.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу