Сайлау-2022: Кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сайлау-2022: Кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда

04.11.2022

Сайлауға 16 күн қалды.  Ел президенттігіне кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары қыза түсті. Қазір жер-жердегі штаб өкілдері сайлаушылармен кездесіп, кандидаттар да ел аралап жүр.

Қасым-Жомарт Тоқаев штабының мүшелері – Жамбылда

Кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі штаб мүшелері Жамбыл өңіріндегі жоғары оқу орындарының оқытушыларымен және студенттерімен кездесті. Үміткердің сайлауалды тұғырнамасын таныстырды, негізгі бағыттарын талқылады. Жиынға қатысқандар қызықтырған сұрақтарын қойып, жауап алды. Бұдан соң халықтық коалиция мүшелері этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен жүздесті. Жалпы өңірде осындай 75 бірлестік бар. Штаб басшысы ұлтаралық татулықты сақтау үшін олардың маңызы ерекше екенін айтты.

Ерлан Қошанов, республикалық қоғамдық штабтың басшысы:

Адамдар бір-бірін тыңдаудан, түсінуден қалатын болса, бұл күрделі мәселенің бастауына айналады. Мұның неге әкеліп соғатынын әр түрлі елдердегі жағдайлардан көріп отырмыз. Этникалық тегіне қарамастан, еліміздің әрбір азаматына Конституциямен тең мүмкіндікке кепілдік беріледі. Бұл – болашақта да бұлжымайтын қағида

Мейрам Қажыкен Өскемендік сайлаушылармен кездесті

Ел президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкен Өскемендегі сүт өндіру зауытын аралап, жұмысшыларға өзінің сайлауалды тұғырнамасын түсіндірді. Жиында қызметкерлер тарапынан салаға қатысты сауалдар да қойылды. Сондай-ақ үміткер жергілікті нан зауыты ұжымымен де кездесті. Мұндағы мамандар цехтың жұмысы туралы баяндап, дәм тату үшін жаңа піскен нан ұсынды. Әрі қарай кандидаттың бағдарламасы талқыланды. Өскемендегі сапар соңында Мейрам Зекешұлы қазақтың үш биінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухтарына тағзым етті.

Мейрам Қажыкен, Президенттікке кандидат:

Шығыс өңіріне келіп отырмын. Медицина саласының қызметкерлерімен кездестік. Көп мәселе талқыладық. Екінші кездесу ГЭС-те болды энергетиктармен. Онда да маңызды сұрақтар болды. Ой пікір алыстық. Сүт өндіру зауытында болды. Идеологиялық терең пікірталас болды. Өзім соған қуанып отырмын.

Қарақат Әбден штаб мүшелерімен кеңес өткізді

Президенттікке кандидат Қарақат Әбденнің республикалық штаб жұмысы қыза түсті. Бүгін үміткер кезекті кеңес өткізіп, аймақтарда атқарылған жұмыстарды пысықтады. Сайлаушылар тарапынан түскен ұсыныс-пікірлер сараланды. Қарақат Әбден бұған дейін еліміздің алты аймағында болып, тұрғындарымен жүздесті. Оның ішінде көпбалалы аналар, іскер әйелдер, медицина және мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қызметкерлері бар. Алдағы уақытта Ұлытау, Қызылорда, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарының сайлаушыларымен кездесу жоспарланған.

Арман Оразғұлов, кандидаттың республикалық штаб жетекшісі:

Аймақтарда 20 сайлауалды штаб жұмыс істейді. 2 мыңға жуық волонтер тартылды. Үгіт-насихат жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Өңірлердегі сенімді өкілдер сайлаушылармен кездесулер өткізуде. Тұрғындар мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне белсенді атсалысуда.

Жигули Дайрабаев сайлаушылармен қоғамдық көлікте жүздесті

Президенттікке «Ауыл» партиясы атынан ұсынылған кандидат Жигули Дайрабаевтың үгіт-насихат жұмыстары Алматы облысында жалғасты. Кандидат пен оның партияластары қоғамдық көлікке мініп, жолаушылармен әңгімелесті. Тұрғындар Талғар ауданына қатынайтын автобустың іргедегі Нұра ауылына соқпай кететініне шағымданды. Осыған байланысты жергілікті жұртшылық елді мекенге жету үшін шамамен 4 шақырым жаяу жүруге мәжбүр. Сондай-ақ Саяси бірлестік өкілдері Нұра аулындағы мектеп пен аурухана жағдайымен танысты. Халықпен кездесті.

Анас Баққожаев, «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары:

Бүгін біз штабымызбен және кандидатымызбен бірге Алматы облысы маңындағы Нұра ауылына келдік. Бұл ауылдың өзінің ерекше статусы бар. Шалғайдағы елді мекен емес. Мегаполис маңындағы ауыл. Барлық адам өз күшімен жасап жатыр. Балаларға жаны ашып, балабақша ашып отыр.

Нұрлан Әуесбаев штаб жұмысымен танысты

Президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев бүгін республикалық сайлауалды штабында болды. Үгіт-насихат жұмыстарымен танысып, атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Кездесулерде көтерілген проблемаларды саралады. Әрі өңір-өңірдегі сайлаушылардан түсіп жатқан қоңыраулар мен хаттар көп. Барлығы дерлік сайлауалды бағдарламасына қатысты сауалдар мен ұсыныстар. Штаб өкілдері олардың әрқайсын мұқият зерделеп, тиісті жауаптарын беріп жатқанын айтты.

Мақсұт Насибулов, Н.Әуесбаевтың сенімді өкілі:

Жалпы Қазақстан бойынша Нұрлан Әуесбаеаты қолдайтын 20 штаб бар аймақтарда. Олардың бәрі қарқынды, белсенді жұмыс істеп келе жатыр. Оның ішінде агитаторлар өздері агит материалдарын, парақшаларын таратып жатыр. Агит парақшаларын іліп болдық. Күніне әр филиалға 30 шақты қоңырау шалады, сонымен қатар хат келіп жатады, өтініштер келіп жатыр. Әр түрлі мәселелер көтеріліп жатыр.

Салтанат Тұрсынбекова меншікті қорғау жайлы кеңес берді

Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова үгіт-насихат науқанын Алматы қаласында жалғастырып жатыр. Бүгін ол жергілікті зиялы қауым өкілдерімен және өнер адамдарымен кездесті. Жиында кандидаттың сайлауалды бағдарламасы талқыланып, үміткер түрлі сұрақтарға жауап берді. Бұдан бөлек, кездесуде зияткерлік меншік мәселесі талқыланды. Салтанат Тұрсынбекованың айтуынша, қазір ең тиімді нәтижені білім экономикасы береді. Олар: жаңа технологиялар мен ноу-хаулар.

Салтанат Тұрсынбекова, Президенттікке кандидат:

Қазір Қазақстанда зияткерлік меншікті қорғау іс жүзінде жұмыс істемейді. Өкінішке қарай бүгін біреудің еңбегін, меншігін иемденіп алу күнделікті құбылысқа айналып, үйреншікті болып бара жатыр. Өнер туындысын ұрлағаны үшін де жаза бар. Бірақ бұл заңды көбі біле бермейді. Себебі қоғам арасында ондай мәдениет қалыптаспаған.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу