Елімізде 500 мыңнан аса тұрғын ауыз суға зәру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 500 мыңнан аса тұрғын ауыз суға зәру

04.11.2022

Елімізде 500 мыңнан аса тұрғын ауыз суға зәру. Бірі - суды бұлақ басынан тасып ішсе, енді бірі - әжептеуір сомаға сатып ішуге мәжбүр. Тіпті, Қарағанды облысының кей өңірлерінде су тапшылығы салдарынан төрт түлік көтерем боп қырылып жатқан көрінеді. Ал теңіз маңында орналасқан Мұнайлы ауданының тұрғындары таза суға күз түсе ғана қолдары жетеді.

Мәншүк Көшкінбаева, «Туған ел тұрғын үй» массивінің тұрғыны:

Су жақсы келіп тұр қазір өазан айында. Бірақ, осы су ең керек кезде жаздың кезінде болмайды. Кішкене бақша егеміз. Тіпті ішетін су болмайды кейбір кездерде. Ол графикпен келеді. Аптасына бір 2 күн келеді, 3 күн келеді. 2 сағаттан. Кейде ол да берілмей қалады.

Ол күні тұрғындарға кезек күтіп, әрқайсысы 5-6 мың теңгеден ақша шығарып, ауыз суды аптасына 2-3 мәрте арнайы көлікпен алдыртуға тура келеді.

Әбілқайыр Сардаров, «Туған ел тұрғын үй» массивінің тұрғыны:

Су жетпейді. Міне, 4 жыл болды. Менің тумамның водовозы бар. Мен соныменен су құйдырам. Әр әкеліп құйғанда 5 мың, 6 мыңнан әкеп құяды. Ол деген қазір қытшылықта біз құсаған зейнеткерлердің қалтасы көтере бермейді.

Жауапты мекеме өкілінің айтуынша, Мұнайлы ауданын таза сумен толық қамтамасыз ету үшін өңірдегі су тұщыту зауытының қуаттылығын арттыру қажет.

Жансейіт Мұқашев – Мұнайлы ауданы әкімдігінің жанындағы «Маңғыстау жылу» МКК директорының м.а.:

Тәулігіне Мұнайлы ауданына 37 мың куб су керек. Бірақ, келетін суымыз 19 мың, 20 мыңнан аспайды. Кейде тіпті 10 мыңнан да болады. Сондықтан 8 ауылға бөліп бергенде 2-3 мыңнан су жетпей қалады.

Су тұщыту зауыты келесі жылы тәулігіне 40 мың куб су өндіруді жоспарлап отыр. Алайда, ол үшін жергілікті әкімдік соған сай су резервуарларын алдын-ала дайындап қоюы шарт.

Бексұлтан Шалабаев, Маңғыстау облысы Энергетика және тұрғын үй шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасарының м.а.:

Бұл мәселені шешу мақсатында облыс әкімдігі тапсырмасына сәйкес, 9 зауыттың жобасы жоспарланып тұр.

Жергілікті атқамінерлердің сөзіне сенсек, жоба жүзеге асса, наурыз айынан бастап Мұнайлы ауданының тұрғындары судан таршылық көрмейді.

Назым Қайрат


Хабарламаларға жазылу