Еліміздің әр аймағында шөптің бағасы қымбаттаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің әр аймағында шөптің бағасы қымбаттаған

05.11.2022

Биыл былтырғыдай жем-шөпке деген талас-тартыс, тапшылық жоқ. Тұтас ел бойынша мал азығы жеткілікті. Дегенмен, шөптің бағасы әлі де түспей тұр. Оның үстіне, әр өңірде жем-шөптің құны құбылмалы. Баға неге тұрақты және төмен болмай тұр?

Үсен Құдайбергенов СҚО Қызылжар ауданы, Бәйтерек ауылының тұрғыны. 20 бастан аса ірі қарасы бар. Мал бағып, күн көріп отыр. Бірақ, кейінгі уақытта мал ұстау тиімсіз болып кеткенін айтады. Жем-шөп қымбат.

Үсен Құдайбергенов, Қызылжар ауданының тұрғыны:

Бір малға 15 тюк жетпейді. Мен мынау сабан алдым. Жем себемін үстіне беремін. Бұл малды алдау деген сөз. Таза шөп 18 мың. Бір тюк. Балотный 15 мың. Яшмин 8-9 мың. Мал бағудан пайда қалмады.

Жалпы, биылғы жылы ауа райы қолайлы болып, шабындық шөп жақсы шыққан. 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында концентрлі жем өндірісінің көлемі 1 300 тоннадан асқан. Мал азығы дақылдарының егіс алқаптары 448,1 мың гектарға ұлғайып, жалпы аумағы 3,7 миллион гектар болды. Бірақ, жем-шөптің бағасы әлі түспей тұр. Себебі, жанар-жағар май қымбат.

Жанболат Тәуел, сарапшы:

Жанар-жағар майдың қымбаттауы, былтырлары 200-250 теңге орташа бағасы, биыл 450 теңгеге дейін бір литрі көтерілді. Бірақ, жері бар шауаларға осы бағаның тең жартысын 230 теңгемен субсидиямен беруін мемлекет құптады. Бірақ, жері жоқ, басқа қожалықтан жерді жалға алып жүрген адамдарға субсидия берілмеді. Яғни, олардың шөптері бәрібір қымбатқа түсті.

Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер биыл жем-шөптің бағасы былтырға қарағанда екі есе арзандағанын айтады. Дегенмен, былтыр қуаңшылық болып, бағаның тым шарықтап кеткені белгілі.

Ғани Жұмахметов, ҚР Ауыл шауаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаментінің бас сарапшысы:

Бұл жерде ескеретін жәйт тек ғана шөптің бағасы емес, ол әрине жанар-жағар май, атқарылатын жұмыс, логистика, оның үстіне инфлияцияны да ескеру керек. Оның барлығы бағаға тікелей әсер етеді. Бірақ, бұл баға былтырғы жылдың құрғақшылықпен салыстырғанда екі есе төмен бағада сатылуда.

Қазіргі таңда еліміздің әр аймағында шөптің бағасы әр түрлі. Ең қымбаты –Маңғыстау облысы. Бір түгі -1100тг, ал орамасы – 13 000. Дегенмен, Маңғыстау облысына резервтегі қаржыдан 663 млн теңге бөлініп, мал азығымен қамтамасыз ету үшін көмек көрсетіліп жатыр.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу