Елімізде келер жылы газ тапшылығы басталуы мүмкін - сарапшылар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде келер жылы газ тапшылығы басталуы мүмкін - сарапшылар

06.11.2022

Маңғыстаулық 60-тан астам кәсіпкер 6 айдан бері нысандарын газға қоса алмай жүр. Мәселен Теңел Сәрсенбаев биыл жаңа дүкен салған. Нысанның барлық құжаты заңға сай. Бірақ, көгілдір отынға қосылуға рұқсат ала алмай отыр.

Теңел Сәрсенбаев, кәсіпкер:

Әр жерде документ қанша тұрады. Техусловияға мысалы 10 күн тұрады. Барып қарасам техусловаияда мынадай қылып қағаз жазып қойған Акт градстройтельства, архитектура, осындай болу керек, осы керек, қабылданбаған акт деп. Мен айтам менің ғимаратым қабылданған. Маған тек газ керек.

Кәсіпкердің сөзін нысанға құбырды тартқан мердігер компания өкілі де құптады.

Құттыбек Отарқос, кәсіпкер:

Магазиннің құжаттары бәрі дұрыс. Атап айтқанда, эскизді жобасы. Бұл кісілерге ендігі талабы экспертиз. Қазтрансгазаймақты сұрап отырған документі заңға қайшы. Негізінде ол экспертиз жасатады ма, жасатпайды ма ол әр дүкен, абонент болсын өзінің еркісінде.

Мәселені қазір Энергетика министрлігі назарға алған. Олардың айтуынша, «Қазтрансгазаймақ» компаниясы газға қосылуға рұқсат беретін 4 құжаттың орнына 15 құжат талап етіп, кәсіпкерлерді сарсаңға салып қойған.

Сәлім Нағым, ҚР ЭМ департамент директоры:

Біздің энергетиканың бұйрығында жазылып тұр 4 құжат. Кімнің «Қазақгаздың» өзінің бұйрығы бар, ол жерде 12 документ болған. Сондықтан біз Қазақгазбен сөйлесіп, келісімге келдік, біз құжаттарды алтау қыламыз. Ол жерден біз паспорт сварщика дейді, соны алып тастаймыз, сосын техусловия дейді, ол базада бар ғой, өйткені үй саларда сол базадан алды ғой, сондай құжаттарды қысқарттық.

Бұл Үкімет есебі бойынша газбен 90 пайыз қамтылған Маңғыстаудағы жағдай. Ал көгілдір отын енді ғана келіп жатқан Елордада одан да қызық жәйт бар. Мысалы, Көктал-1 тұрғын алабында тұратын Таңшолпан Сыздықованың үйіне құбыр жеткізілмеген. Көршілерінің бәрі көгілдір отынға қосылғанда, көшенің ортасында тұрған оның үйіне құбыр неге тартылмағанын түсінбейді.

Таңшолпан Сыздықова, Көктал - 1 тұрғыны:

Жөндеу жұмыстарын жүргізгенде біз айттық, иә, иә деді де шығармай кетті. 2 рет айттық, папа бір рет, жолдасым бір рет айтты.

Оның сөзінше, аймақта осылай қалып кеткен бірнеше үй бар. Ал Елорданы газбен қамту жұмысы жоспардан кешігіп жатқанын былтыр Президент те сынға алған. Әкімдік өкілінің сөзінше, қалада 2024 жылға дейін 18 мың үй газбен қамтылуы керек. Әзірге жұмыстың 30 пайызы орындалған.

Мақсат Есмағұлов, қалалық Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:

Бүгінгі күні газға қосылу мүмкіндігін 12 мың үй алып отыр. Соның 7 мыңға таман үйі газға қосылған.

Астана газбен аз қамтылған өңірлердің бірі болса да, газ ең қымбат аймақ. Қалада қазір газ бағасы 38 теңге. Өйткені өңірге Оңтүстіктен газ жеткізу қымбатқа түскен. «Сарыарқа» магистралін салуға 800 млн доллар жұмсалған. Енді сол шығынды ақтау керек. «Ал 38 теңгенің өзі қалтаға кәдімгідей салмақ»,-дейді Мәлік Оралов. Ол 120 шаршы метрлік үйін жылытуға бір айда кемі 500 куб газ жағады.

Мәлік Оралов, Көктал-1 тұрғыны:

Қыстыгүні аязды күндері 18-19 мыңға шығады. Тарифі 38,7. Бір қыста шамамен қанша теңге кетеді. 6 айға 18 мыңнан есептесеңіз, 100 мыңдай кетеді ғой.

Энергетика сарапшысы Алмас Әбілдаев болса газ бағасы алдағы уақытта қымбаттауы мүмкін деп болжайды. Өйткені бізде газ өндіретін арнайы кен орыны жоқ. Ал қазіргі газдың 75 пайызы мұнаймен бірге шығатын ілеспе газ. Оның 80 пайызы Қарашығанақ, Қашаған және Теңізге тиесілі. Бірақ, бұл кен орындары шетелдік компанияларға ұзақ мерзімге жалға берілген. Ал «Қазақгаз» компаниясы көгілдір отынды олардан қымбатқа сатып алып, халыққа субсидиялау арқылы жеткізіп отыр.

Алмас Әбілдаев, энергетика сарапшысы:

Мысалы, мынау Ресейде «Газпром» деген компания бар. Өзі геология, разведка жасайды. Өзі өндіреді өзі табады, тұтынушыға дейін апарып береді. Біздің «Қазақгаз» өзі өндіріп, геологический бұрғылау жұмыстарын жасап, тұтынушыларға әкеліп бермейінше Ұлттық газ компаниясы деп айту қиын. Қазір ол әшейін транзитте отыр. Біздің жерімізден газ өтеді, соны транзиттің бағасын алады, болды.

Осының салдарынан «Қазақгаздың» 7 жылдағы шығыны 587 млрд теңгеден асқан. Компания бұл шығынды енді қалай өтейтінін сұрап, сауал жібергенбіз. Бірақ жауап бермеді. Ал энергетика сарапшысы Олжас Байдилдиновтің сөзінше, тарифті өсіруден басқа жол жоқ.

Олжас Байдилдинов, энергетика сарапшысы:

«Қазақгаз» алдағы екі жылдың ішінде дефолт жариялауы мүмкін екенін айтты. Өйткені олар тарифті тіпті 2-3 есе өсірсе де, қарызын жаба алмауы мүмкін. Өйткені осыған дейін шығынын экспортқа жіберетін газ арқасында өтеп келген. Экспорттық баға бізден 15 есе жоғары. Бірақ, соңғы кезде ішкі сұраныс артып, экспорт азайып жатыр. Сондықтан өздері газ өндіретін жаңа кен орындарын ашпаса, шығыны әлі көбейеді.

Ал компания жаңа газ қорын іздестіру жұмыстарын енді ғана бастаған. Бірақ, оның нәтижесін көруге кемі 15 жыл керек,-дейді сарапшы. Ал біз көрші елдерге көз салып көргенбіз.

Мысалы, Армения өзінде газ болмаса да, елдің 96 пайызын қамтыған. Беларусия 97, Ресей 70 пайыз. Ал бізде 57 пайыз ғана.

Сәлім Нағым, ҚР ЭМ департамент директоры:

Қазір осы жылға әкімдіктермен бірге 95 млрд теңгеге қаржыландыру жасап жатыр газдандыруға. Осы жылдың аяғы бойынша газдандыру пайызы 58-ге жету керек.

Сонда бір жылда көрсеткіш бір-ақ пайызға өсуі мүмкін. Ал 2030 жылға дейін елдің 65 пайызын газдандыру жоспарланған. Бірақ, оның орындалуы қиын. Себебі 2025 жылы аяқталуы тиіс «Сарыарқа» құбыры Елодаға келіп тоқтап қалды. Ал Солтүстік пен Шығысқа енді Ресейден газ тарту жобасы қарастырылып жатыр.

Сәлім Нағым, ҚР ЭМ департамент директоры:

Бірақ, Ресейден газ алып келетін болсақ, ол әлдеқайда үлкен болады ішкі нарықтағы бағадан. Сондықтан біз екі жағында салыстырып, біріншіден Солтүстік пен Шығысқа халыққа газды өзіміздің қордан алып барамыз деп ойлаймыз, ал өндіріске олар Ресейдің бағасын көтере алады деп ойлаймыз, соған Ресейдің газын береміз.

Яғни бұл аймақтарға газды қай жақтан тарту да қаржылай тиімсіз. Ал жаңа құбырды салу былай тұрсын, бізде осыған дейін салынған құбырлардың 70 пайызы тозған. Себебі газ салынғанына 60 жылдан асып кеткен. Енді оның бәрін жөндеуге де қыруар қаржы қажет.

Аманкелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу