Киев ақпанның 24-нен бері Ресей армиясының бақылауына өткен жалғыз ғана облыс орталығы Херсонды қарашаның соңына дейін қайтарудан үмітті. Осы мақсатпен украиналық жауынгерлер таяуда бұл қалаға жақындай түсті. Ал бейсенбі күні Херсондағы Мәскеу тағайындаған оккупациялық әкімшілік өкілі Кирилл Стремусов Ресей сарбаздары Херсоннан шығарылып, Днепр өзенінің шығыс жағалауына әкетілуі мүмкін екенін мәлімдеді. Алайда көп кешікпей Стремусов бұл ойын өзгертіп, ресейліктердің шегінбейтініне үміт білдірді. Украиналықтар да көрші ел әскерінің Херсоннан кетпеуге әрекеттеніп жатқанын айтып отыр.
Виталий, Украина жауынгері:
Олар мұндай тактиканы бізді шатастыру үшін қолданып жатыр. Мәселен ресейліктер кетіп жатқан сияқты көрініп, бізді қалаға кіргізіп алып, содан кейін тұтқиылдан шабуыл жасағысы келеді.
Дегенмен Украина армиясы Днепрдің үстінен өтетін барлық көпірлерді зақымдап, Херсонда қалған ондаған мың ресейлікті құрал-жабдық пен азық-түлік таситын мүмкіндіктен айырып жатыр. Украина әскерилерінің сөзінше, бұның нәтижесінде ресейліктер бәрібір күндердің күнінде Херсоннан кетуге мәжбүр болады. Сол көш қазірдің өзінде басталып кеткен тәрізді. Осы аптада Мәскеу Днепрдің шығыс жағалауына мыңдаған бейбіт тұрғын мен әкімшілігін эвакуациялады.
Украинаның Херсонды қайтаруға мүмкіндігіне бейсенбіде Пентагон басшысы да сенім білдірді.
Ллойд Остин, АҚШ қорғаныс министрі:
Украиналықтар Днепр өзенінің батыс жағалауындағы территориялар мен Херсонды қайтара ала ма деген сауалға келсек, мен мұндай мүмкіндікке сенемін. Ең бастысы – оған Украинаның өзі де сенімді.
Осы аптада да Ресей қарулы күштері Украинаның инфрақұрылымына зымырандармен, дрондармен соққы беріп, миллиондаған адамды жарықсыз, сусыз қалдырды.
Президент Владимир Зеленский Мәскеуге пилотсыз аппараттарды Тегеран сатты деп есептейді.
Ислам Республикасы болса бұны үнемі жоққа шығарып келген еді. Ал Батыс елдері Иранды тағы да санкцияға ала бастады. Осындай қысым әсер етті ме, Иран сыртқы істер министрі өткен тәулікте Ресейге «шахед» дрондарын жөнелткенін ақыры мойындады.
Хосейн Әмір Абдоллахиян, Иран сыртқы істер министрі:
Иран Ислам Республикасы Ресейге Украинада көмектесу үшін зымырандар берді деп Батыс елдері шу көтерді. Мұның бәрі - жалған. Дронға келсек, бұл мәселеде шындық бар. Біз Ресейге Украинадағы қарулы қақтығыс басталардан бірнеше ай бұрын шектеулі мөлшерде ұшқышсыз ұшақтар бердік.
Қарашаның 2-де Вашингтон Пхеньянды Мәскеуге артиллериялық снаряд жөнелтті деп айыптаған еді. Арада екі күн өткенде Солтүстік Кореядан Ресейге көп жылдан бері алғаш рет бара жатқан пойыздың спутниктен түсірілген суреті жарияланды. Ресей жағының мәлімдеуінше, бұл – екі ел арасында пандемиядан кейін қайта жанданған теміржол қатынасының көрінісі. Ал Солтүстік Корея үкіметі Ресейге снаряд сатқанын жоққа шығарып отыр.
Тағы бір айта кететін жайт, сәрсенбі күні Ресей астық келісіміне оралды. Осылайша Украинаның бидайы мен азық-түлігін Қара теңіз порттарынан шетелге экспорттауға қайтадан қол ашылды.
Ресей бұл келісімнен өткен аптаның соңында Севастопольдағы флотының кемелері дрондар шабуылына ұшырағаннан кейін шыққан еді. «Ассоушиэйтид пресс» агенттігінің хабарлауынша, Ресей халықаралық келісімге қайта қосылмас бұрын, Украина астығы кедей елдерге жіберілсін деген шарт қойған.