Ел бойынша 17 тірек мектеп жаңартылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ел бойынша 17 тірек мектеп жаңартылмақ

09.11.2022

Ауыл мектебіндегі оқушылар да заманауи талапқа сай білім алады. Алдағы жылы еліміз бойынша елдімекендердегі 17 тірек мектептің материалдық техникалық базасы тұтастай жаңартылмақ. Бұған қоса тағы 165 білім ошағы бастан аяқ жабдықталады. Алғашқы болып  Павлодар облысынан 200 шақырым шалғайда жатқан ауыл мектебі жаңартылды.

Ертіс ауданы орталығындағы №4 мектеп айналасы бір ай ішінде жаңартылып, жабдықталды. Оқу кабинеттерінен бөлек қосымша білім беретін орталықтар ашылды. Ансар Аманжолов қолы босай қалса телефон немесе компьютерге телміретін. ІТ маманы болуды армандайтын оқушы енді еңбекке баулу шеберханасынан шықпайды.

Ансар Аманжол, 10-сынып оқушысы:

Біздің мектепте осындай станоктар болған жоқ. Қазір осы станоктарды әкелгеннен біз үйреніп жатырмыз, ағаштан жасауды,темірден қандай да бір заттарды жасауды. Оқтау, қасықты үйге апарғанда әке-шешем қуанады. Каникул уақытында біз жұмысқа да тұра аламыз.

Қазір мектептің өз art-студиясы, ақпараттық киоск, хореографиялық залы, телестудиясына дейін бар. Ал бұл СТЕМ-зертхана. Мұнда химия, физика және биология пәндері біріктіріліп оқытылады.

Гүлбаршын Қайдарова, биология пәнінің мұғалімі:

Әрбір пәнді жеке біліп, тек қана соны ғана қорытатын. Биология болса биология, химия болса химия. Ал қазір осы СТЕМ зертханада бәрін бірге өтеді де, бір сабақ ішінде олар 4 пәннің мазмұнын біліп отырады.

Енді бұл білім ошағы аудан орталығына жақын елдімекендердегі мектеп оқушылары үшін де қолжетімді болады. Тірек мектеп аталуы да содан.

Данияр Тоқтарбаев, тірек мектептерді дамыту жобасын ұйымдастырушы:

Негізі білім саласында бірнеше теңсіздік бар. Ол жаңағы әлеуметтік теңсіздік, яғни қалталы азаматтар мен ақшасы жоқ адамдардың. Ол қала мен ауыл баласының білімге деген қолжетімдігінің теңсіздігі. Біздің осы ауыл мектебі жобасы, бүгінгі мектептің аясында жасалып жатқан іс-шаралардың барлығы осы теңсіздікті жою үшін бағытталған.

Қаңтар оқиғасынан кейін құрылған қор мектептерден өзге мұқтаж азаматтарға да қолдау көрсетуде.

Диас Бейсенбек, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының ресми өкілі:

Бүгінгі таңда біз 228 азаматқа осы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқан, зардап шеккен осынша азаматқа біз 1 млрд 120 млн теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсеттік. Оның ішінде әскери қызметкерлер бар, қаза тапқан азаматтар бар және оның ішінде балалар бар. 

Бұл қордың ауылдық тірек мектептерді дамыту жөніндегі алғашқы жобасы. Ендігі жоспар ауыл мұғалімдерінің біліктіліктерін көтеруге арналған қарқынды курстар мен тренингтер ұйымдастыру.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу