Тергеу аяқталғанша «АрселорМиттал Теміртау» басшылығын елден шығармау ұсынылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тергеу аяқталғанша «АрселорМиттал Теміртау» басшылығын елден шығармау ұсынылды

09.11.2022

Шахтадағы апатқа қатысты тергеу аяқталғанша «АрселорМиттал Теміртау» басшылығын Қазақстаннан шығармау ұсынылды. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Юрий Жулин Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдап, инвесторға қатаң талаптар қоюды ұсынды.

Оның айтуынша, кәсіпорындағы жұмысшылардың еңбек және лайықты жалақы құқықтарын, сондай-ақ экология нормаларын сақтауды қатаң талап ету керек. «Бұл үшін қажетті құқықтық негіз бар»,- дейді.  Депутаттың сөзінше,  Қазір «АрселорМиттал Теміртаудағы» апаттар қалыпты жағдайға айналған. Тек шахталарда 100-ден астам кенші қаза тапты.

Қайғылы оқиғалар өнеркәсіптегі қарапайым қауіпсіздік талаптарын елемеу салдарынан жиі орын алады. Мәселен биылғы жазда металлургия комбинаты цехтарының бірінде пештің опырылуы салдарынан болған 4 жұмысшының қазасына осындай жауапсыздық себеп дейді.

Осы орайда депутат мемлекет пен ел азаматтары бұл инвесторға ештеңе қарыз емес екенін қадап айтты. Кәсіпорын жабдықтарының тозуынан болған апаттар қоғамды алаңдатып отырғанын жеткізді.

Юрий Жулин, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

Мұндай апаттарға қарапайым менеджерлер мен жұмысшылар емес, басшылық жауапты болуы керек. Шахтадағы жарылысты тергеу аяқталғанша «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының топ-менеджментін Қазақстаннан шығармау керек. Алдағы уақытта да заңдарымызды құрметтемесе және өз міндеттемелерін орындамаса, Үкімет меншік иесін ауыстыру мәселесін нақты түрде шешуге кірісуі тиіс.

Сәбит Әлдебай



Хабарламаларға жазылу