Ресей әскері Украинаның Херсон қаласынан кетпек.
Елдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен Украинадағы Ресей әскерінің қолбасшысы, генерал Сергей Суровикин армия жақын арада Днепрдің оң жағалауынан шығатынын жариялады. Себебі жауынгерлерге қажетті қару-жарақ, азық-түлікті жеткізу қиындап кеткен.
Бұған дейін Украина армиясы Американың «хаймарс» қаруымен Каховка және Антонов көпірлерін істен шығарған еді. Ресей әскері пароммен қатынауға мәжбүр болғанымен, бұл қатынас түрі де шабуылға ұшырады.
Херсон - Ресейдің бақылауына өткен бірден-бір облыс орталығы. Қала ресейліктерден қайтарылса, Херсон облысының бір бөлігі Украинаның бақылауында болады.
Украина президенті Владимир Зеленский армияның жетістіктеріне қатысты ақпаратты ашып айтқан жоқ. Бұл Украина жерін азат ету және шығындарды азайту үшін маңызды деді. Сонымен бірге Донецк облысында қиянкескі ұрыс жүріп жатқанын мәлімдеді.
Арай Төлеген