Жетісу облысында құрылыс қарқын алды. Биыл өңірде 490 пәтерлік 58 үй пайдалануға берілмек. Ал Сарқан қаласында көпқабатты 8 үй салынады. Алғашқы пәтерлер осы жылдың аяғында тапсырылады.
Сарқан қаласындағы салынып жатқан тұрғын үй екі қабатты. 20 пәтерлі баспананың сырты арнайы жылу сақтайтын материалмен қапталып жатыр. Құрылыс жұмыстарына 30 адам жұмылдырылған.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Бұл екі қабатты үйде алты бір және екі пәтерлі болады. Және сегіз үш пәтерлі болады. Құрылысшылар жұмысты осы жылдың аяғына дейін бітіреміз деп отыр.
Қазіргі таңда үйдің ішкі сылақ жұмыстары жүріп жатыр. Барлық инженерлік-коммуникациясы тартылды. Мердігер жоспарға сәйкес нысанды уақытылы тапсырмақ.
Ерболат Садықов, құрылыс учаскесінің басшысы:
Шатыры жабылып жатыр. Терезесін қойдық. Электр, су құбыры, жылуы бәрі тартылды. Енді ішкі жұмыстары қалды. Соны бітірсек, осы айдың аяғында үйді өткіземіз.
Мұнан бөлек қалада тағы бес қабатты жеті үй құрылысы жоспарланған. Әрқайсысы 60 пәтерден. Нәтижесінде шаһарда «Болашақ» деп аталатын шағын аудан пайда болмақ.
Мұратбек Рымбаев, Сарқан аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
ЖКХ бөлімінде 780 адам кезекте тұр. Енді осы Болашақ ықшам ауданын толығымен үймен салып болсақ, кезекте тұрған адамдардың жартысынан көбін баспанамен қамтамасыз етеміз.
Шағын ауданның абатттандыру жұмыстары да қолға алынған. Асфальт төселіп, балалар ойнайтын алаңдар салынып жатыр. Ал жылу жүйесі блокты-модульді қазандық арқылы қамтамасыз етіледі.
Қуаныш Қанатұлы