Атырау облысы негізгі «донор» аймақтардың бірі болып қала бермек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысы негізгі «донор» аймақтардың бірі болып қала бермек

13.11.2022

Маңғыстау облысы республиканы асыраушы өңірлердің бірі деп едім ғой. Келер жылы бұл мәртебесінен айырылады екен. Ал Атырау облысы негізгі «донор» аймақтардың бірі болып қала бермек. Мемлекеттік кірістер комитетінің есебіне сүйенсек, былтыр 11,4 трлн теңге қазынаға түскен. Соның 1,5 трлн теңгесі – Атырау облысынан. (Алматы облысы – 2,9 трлн, Астана – 1,4 трл теңге).
Биыл республикалық бюджетті қаржыландырушы аймақтардың ішінде де Атырау бірінші орында. Облыстарға ортақ қазаннның жартысына жуығын, 45%-н осы өңір толтырған. 220 млрд теңге салған.

Келер жылы да тұтас елді асыраушы осы негізгі үш аймақ (Алматы, Астана, Атырау облысы) болайын деп тұр. Атырау облысы 170 млрд теңгеден астам қаржы қазынаға құяды. Ұлттық қор да осы мұнайлы өлкенің арқасында толтырылып жатыр. Өзін-өзі асырап отырған да осы 3 аймақ қана. Қалған облыстар мемлекеттің дотациясында. Өңірлер бойынша ең жоғары орташа жалақы да Атырау облысында – 477 мың 900 теңге.

Осы сандарға қарап, Атырау облысын «ең бай» деп атаймыз. Бірақ есеп бойынша ауқатты болғанымен, әлеуметтік көрсеткіштер мәз емес. Атырау облысына сапарында президент осы өңірде өкпе және жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан науқастардың саны көбейіп жатқанына тоқталды. Атырауда емхана ғимараттары жетіспейді. Ауыз су тапшы, жол нашар. Яғни, «ең бай» облыстың өзге өңірлерден өзгешелігі шамалы. Бәріне тән проблемалар...Ал Астананың 20 жылдығына өңірлер сыйлық сыйлағанда Атырау облысы 6 млрд теңгеге көпір салып бергені еске түсе береді. Асима Нұрбайқызы Атырау облысының негізгі түйткілдеріне тоқталсын.

Бұл - Астанаға Атыраудың тартуы. Бекіре бейнесіндегі көпір. Көз тартар көрікті. Ал, сый жасаған қаладағы көпір көрінісін көріңіз. Бұл жалғыз кәде емес.
Түлеген Түркістанды да қуантып тастаған еді. «Ұлы дала елі» орталығын салып берді. Бірақ, жомарт қала өзіне келгенде тым қарапайым. Атыраудағы концерт залының құрылысы 10 жылдан бері бітпей тұр.

Мәдени нысан түгілі, медициналық мекемелерінің де хәлі мүшкіл. Құлаудың қақ алдында тұрған үйлер көп. 500-ге жуық баспана апатты танылған. Бірақ, паналайтын жері жоқ жұрт амалсыз тұрып жатыр. Қоңырқай тұрмысынан бөлек, қолқаны қабатын ауасы да ауру тудырып отыр.

Асима Нұрбайқызы, тілші:
Қала ішінде мынадай қалың түтіннің будақтауы Атырау үшін қалыпты, бірақ, қауіпті. Мұнайлы өлке тұрғындарын мұңайтатын да сол. Қаланы осындай ірі кәсіпорындар қоршап тұр. Экономикасы қаншалықты қуатты болса, экологиясы да соншалықты уытты.
Түтінге тұншыққан қала. Тынысты бітейтін ірі кәсіпорындар ғана емес, қоқыс полигоны да қоқырсып жатыр. Өкпе өшіп, жүрек қабынып, ана мен бала өлімі көбейген.

Арман Хайруллин, эко белсенді:
Ауаны ластайтын 100-ден аса мекеме бар. Олардың барлығы 150 мыңнан тоннадан астам зиянды шығарылымдар шығарады. Облыс халқына шаққанда әрбір адамға шамамен 230 кг өте зиянды меркаптан, күкірт сутегі сынды адамды ауру қылатын шығарылымдар шығарады. Туа біткен хромасома ауруларын қарасақ, соңғы 10 жылда балалардың науқас болып туылуы 5 есеге артқан екен.
Дерт асқынғанмен денсаулық сақтау нысандары ақсап тұр. Ескірген емханалар саны 40 пайызға жеткен.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Психикалық денсаулық орталығы, онкологиялық диспансер, жедел жәрдем станцияларының жағдайы сын көтермейді. Тіпті, бұл мекемелердің ғимараттары пайдалануға жарамсыз. Осы мәселенің бәрін шұғыл шешу қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың инфрақұрылым жайын да біліп отыр. Облыста энергия тапшы. Электр желілері тозған. Ауыз су да сарқылып барады. Алдағы 5 жылда 40 пайызға азаяды деген болжам бар. Үкімет пен әкімдіктен шұғыл әрекет керек. Созбалаңға салынған тағы бір сала – жол. Атырау-Астрахань трассасына 4 жыл бұрын 85 млрд теңге бөлінген. Бірақ, күрежолдың көп бөлігіне әлі күрек те тимеген.

Тоқаев мұны шұғыл реттеуді тапсырды. Өйткені, Ресей мен Түркіменстанға шығатын маңызды көлік магистралі. Елдегі төртінші дәліз.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
«Атырау – Астрахань» күре жолын жөндеу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Үкімет оны уақытылы және сапалы аяқтауды қамтамасыз етуге тиіс. Жалпы, облыстағы шұрқ тесік жолдар талай рет жұрттың сынына ұшырады. Бірақ содан ешқандай нәтиже жоқ, тиісті мекемелер өз жұмысын дұрыс орындамайды. Сондықтан, жол құрылысы менің жеке бақылауымда болады.
Атырау өндіретін, бірақ өңдемейтін өңір еді. Тонналаған мұнайды игергенмен, тобықтай бұйым жасауға қауқарсыз болатын. Ал экономиканы әр тараптандырмай алға жылду мүмкін емес. Бүгінде мұнай химия өнімдерінің 95 пайызы сыртқа кетіп жатыр. Бұл дұрыс емес деді Президент. Басқасын айтпағанда, мұнай қоймалары жоқ. Салдарынан сақталмайды. Бұзылмас үшін бірден шетел асыруға мәжбүр. Сондықтан қара алтын қоймасын салу тапсырылды. Мемлекет басшысы осы сапарында бірегей кәсіпорынды іске қосты. Бұл Теңіз кен орнының шикізатын өзімізде қайта өңдейтін тұңғыш өндіріс орны.

Президент тарту-таралғыны тыйып, аймақтың іскер азаматтары алдымен туған жерді түлетуге күш салуы тиіс, - деді. Ескерткіш орната бергеннен гөрі есті іске екпін берген дұрыс.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу