Стамбұлдағы жарылыста қаза тапқандар мен жаралылардың арасында қазақстандықтар жоқ. Бұл туралы Қазақстанның Стамбұлдағы бас консулы Әлім Байел хабарлады. Қазақстандық дипломаттар түні бойы түрік билік органдарымен байланыста болып, тиісті ауруханаларға барып шыққан. Ал, терактіге қатысы болуы мүмкін деген күдікпен тағы 21 адам ұсталды. Қайтыс болған алты адамның да аты-жөндері анықталды. Олардың барлығы да Түркия азаматтары және үш отбасының мүшелері. Естеріңізге сала кетейік, кеше Стамбұлда туристер ең көп жүретін Таксим алаңына жалғасып жатқан жаяу жүргіншілерге арналған көшеде жарылыс болды. Бомба салынған сөмкені осы жерге әкелген адам түнде қамауға алынды. Таңертеңнен бастап Истикляль көшесі туристер мен қала тұрғындары үшін қайта ашылды. Дегенмен қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Алдын ала мәліметтерге сай жарылысты «Күрд жұмысшы партиясы» террорлық ұйымы жасағаны айтылды.
Сүлейман Сойлу, Түркияның ішкі істер министрі:
Жараланған 81 адамның 50-іне дәрігерлер тиісті ем жасаған соң үйлеріне қайтарылды. Көпшілігінің қатты жарылыстан соң тек құлақтары шыңылдаған. Тағы бірнеше адам қазір дәрігерлер бақылауында. Жараланғандардың бесеуі жансақтау бөлімінде жатыр, екеуінің жағдайы ауыр.
Айдос Әшімұлы