Оңтүстік футболының мақтанышына айналған «Ордабасы» командасы Қазақстан кубогының жеңімпазы атанды. «Астана -Аренада» өткен финалдық кездесуде олар «Ақжайық» клубын 5:4 есебімен жеңіп, кубогын қолдарына көтерді.
«Ордабасы» мұндай құрметке араға 11 жыл салып қайта ие болды. Аса тартысты өткен финалдық кездесуге жанкүйер болған шымкенттіктер оларды әуежайдан құрметпен күтіп алды. Жеңімпаздарды қала әкімінің орынбасарлары мен «Ордабасы» футбол клубының президенті көпшілік алдында құттықтап, Қазақстан кубогын табыстады.
Асан Сәмет, жанкүйер:
Кеше енді Астанаға барып көре алмаған соң «Плазаға» барып тақымымызды қысып отырдық десек те болады. Қазақстанның спорты дамығаны, өскені Шымкент үшін де, еліміз үшін де мәртебе, үлкен жетістік!
«Ордабасы» бүгінде еліміздегі ойыншылары жас команда саналады. Футболшылардың орта жасы 22-де. Сондықтан да болар жас құрамның ойыны бөлек. Өрнегі өзгеше. Тағы бір ерекшелігі шаршы алаңда теңбіл доп теуіп жүрген 25 футболшының 17-і қазақ жігіті.
Ермек Дәрменов, Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:
Болашақта енді УЕФА-да өнер көрсете аламыз. Мұнан кейін супер кубок бар. Алда стадиондарды қалпына келтіру, жаттығу процестерін дұрыстау, селекциялық жұмыстар бар. іріктеу жасаймыз.
Осылайша Қазақстан кубогын екінші рет жеңіп алған «Ордабасы» 2023-2024 жылғы футбол маусымында өтетін Еурокубок ойындарына қатысатын болды.
Ғани Қалмаханов