Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова 7 жылға сотталды. Сот үкімі бірнеше сағат бұрын жария етілді. Абай ескерткішін орнату үшін 4,5 млн теңге пара алды деп күдікке ілінген бірнеше лауазымды тұлғаларға да жаза кесілді.
11 айға жалғасқан атышулы іске бүгін №2 қалалық сотта нүкте қойылды. Айыптау актісі 55 бетті құрады. Хаменова Қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлімі 2-тармағына сәйкес, яғни Ірі көлемде пара алу бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл арқалады.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметтен өмір бойына шеттетіліп, «Құрмет» орденінен айырылды. Ол жазасын кәмелет жасына толмаған 2 баласының болуына байланысты 3 жылдан кейін өтейді.
Ал Мәдениет басқармасының экс-басшысы Ақылбек Рысқалиев 7 жылға және Балқыту мекемесінің директоры Өміртай Адамов 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Екеуі сот залында кісенделді. Хаменова өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ.
Бақытгүл Хаменова:
Мен бұл шешіммен мүлдем келіспеймін. 11 ай бойы тар қапаста жатқанда да шындықты айтып күрестім, күресе де береміз. Адвокатыммен, қаумалаған елмен шындық шығады бәрібір аққа құдай жақ, шындықты айтып шырылдаған дерек пен дәйекке сенген БАҚ өкілдеріне, журналистерге, бологерлерге еліме, халқыма рахметімді айтамын. Соңына дейін күресемін. Әлі аппеляциялық сот бар, Жоғарғы сот бар.
Жандос Темірғали