Таразда қатты жел салдарынан бірқатар тұрғын үй жарықсыз қалды. Сонымен қатар бағдаршамдар істен шығып, тал құлаған фактілер де тіркелді. Қазір шаһарда бірнеше бригада қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде.
Нұрдос Болатұлы, тілші:
Қала аумағында желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін, ал кейде 23-28-ге дейін соқты. Салдарынан Төле би даңғылындағы №116 үйдің 50 шаршы метр шатыры, Менделеев тұйығында 13 үйдің 40 шаршы метр шатырлары ұшып кетті. Сонымен қатар «Шаңырақ ауданындағы 920-шы трансформатор желілері істен шығып, 28 үй электр қуатынсыз қалды. Сондай-ақ 15-шағын ауданда 4 көпқабатты үйдің де жарығы сөнді. 20-ға тарта жеке сектор тұрғындарынан да жарық мәселесімен хабарлама түскен. Қазіргі таңда жарық бойынша 6 апаттық бригада жұмыс істеп жатыр. Тағы 3 бригада бағдаршамдарды іске қосуға кіріскен. Құлаған талдарды жинауға «Жасыл-ел Тараз» мекемесінен 2 бригада жұмылдырылды. Ал білім беру және денсаулық сақтау нысандарына зиян келген жоқ. Тұрғындар арасында да зардап шеккендер тіркелмеген.