Польшаның Украинамен шекаралас Пшеводув ауылына зымыран құлады. Жарылыстан екі адам қаза тапқан. Ел президенті Анджей Дуданың сөзінше, ракеталар Ресейде жасалған. Дегенмен әзірге оны кім ұшырғаны белгісіз. Оқиғаның мән-жайын анықтауға АҚШ-тан мамандар тартылмақ. Польша болған оқиғадан кейін қарулы күштерінің, оның ішінде зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерінің дайындығын күшейтті.
Польшадағы жарылысты Индонезияда саммит өткізіп жатқан «Үлкен жиырмалық» көшбасшылары талқылап жатыр. АҚШ президенті Джо Байденнің сөзінше, алдын-ала мәліметтерге қарағанда зымырандар Ресейден ұшырылмаған болуы мүмкін. Әзірге қандай да бір мәлімдеме жасау ерте. Ал Мәскеу бұл оқиғаға қатысы барын жоққа шығарды.
Кеше Ресей Украина аумағына тағы жойқын шабуыл жасады. Одан энергетикалық инфрақұрылым істен шықты. Киев, Харковь, Львов және өзге де қалалар мен елдімекендерге 85 ракета ұшырылған. Бұл өңірлерде электр қуатын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүріп жатыр.
Арай Төлеген