Президент Алматыда студенттермен, жас ғалымдармен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Алматыда студенттермен, жас ғалымдармен кездесті

16.11.2022

Елімізде жоғары санатты техникалық кадр тапшылығы сезіледі. Алматыда студенттермен және жас ғалымдармен кездесіп, олардың ғылыми жобаларымен танысқан Президент осылай деді. Мемлекет басшысының айтуынша қазір әлемдегі ең ірі компаниялар финтех, жасанды интеллект, IT және басқа да озық технологияға негізделген. Дүниежүзінің үздік инженерлерін өз елдеріне шақырып жатыр. Себеп – біреу, ғылым алып индустрияға айналды. Бұл сала бүкіл экономиканы жаңа деңгейге көтеретін сектор ретінде қалыптасып келеді. Біз осы үрдістен шет қалмауымыз керек деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Айтуынша еліміз талай жылдан бері мұнайға арқа сүйеп келді. Бірақ қазір – заман басқа. Табиғи байлықтың емес, адам капиталының маңызы артқан дәуірге қадам басты.

Димаш Талапов, Алматы технологиялық университетінің студенті:
Сіз Жетісу өңірінің жұртшылығымен кездесуде бірқатар міндеттерді қойған едіңіз. Осы міндеттерді шешуге атсалысу мақсатында біздің университеттің жас ғалымдары бірлесіп, қант қызылшасын өңдеудің тиімді жолдарын қарастырдық.
Алдияр Агишев, жас ғалым, ҚАЗҰУ инженері:
Сіздің ғылымға деген қамқорлығыңызды ұдайы сезінеміз. Біздің жоба нанокомпазитті суперконденсаторларды әзірлеу технологиясы. Отандық аккумуляторларды дайындап, қолданысқа енгізу. Бұл конденсаторлар автокөліктердің аккумуляторының баламасы ретінде ұялы телефон және басқа да тұрмыстық техниканы өзгеше қуаттандыруға көмек беретін болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан әлемдік аренада бәсекеге қабілетті болуы үшін тек үйренетін емес, үйрететін елге де айналуға тиіс. Яғни, біздің жастарымыз жаһандық деңгейдегі жаңа жобаларды жүзеге асырып, ғылыми жаңалық ашуы керек. Жаңа патенттер, стартаптар, финтех компаниялар Қазақстанның заманауи брендіне айналуы қажет.

Ол үшін еліміз білім беру ісін жетілдіруі керек. Сондықтан талапқа сай келмеген бірқатар жоғары оқу орны мен колледж жабылды. Бұл жұмыс жалғасын табуы тиіс. Осы бағытта ешкімге жеңілдік жасалмайды. Өйткені елімізге диплом тарататын мекемелер емес, бәсекеге қабілетті оқу орындары қажет – деді Президент. Айтуынша жуырда Қазақстанда Ұлыбритания, Германия, Канада, Нидерланд, Оңтүстік Корея және АҚШ жоғары оқу орындарының филиалдары ашылады. Әлемдік білім беру жүйесіне қосылу жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, қазақстандық жоғары білімге деген қызығушылықты арттырмақ. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жатақхана мәселесін шешуді тапсырды.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу