Шымкентте 14 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте 14 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді

16.11.2022

Шымкент қаласындағы түрлі әлеуметтік топтағы азаматтарға арналған орталықтар қамқорлыққа мұқтаж жандардың денсаулығын тіктеп, олардың еңбекке араласуына, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік берді. Мегеполисте мүгедек балалар үшін «Аялы алақан», жалғызілікті қарттарға арналған «Тең қоғам», зейнеткерлер бас қосатын «Белсенді өмір сүру» секілді 14 орталық жұмыс істейді.

Әмина «Тең қоғам» орталығына келіп, тоқуды үйренді. Көз майын тауысып жасаған алғашқы бұйымын анасына тарту етіпті. Өзгелері қазір орталықтың көрмесінде тұр. 34 жастағы келіншек екінші топ мүгедегі. Мекеме Әмина секілді мүгедектігі бар азаматтарға ақпараттық-консультациялық, әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қолдау көрсетіп келеді.

Әмина Пайызова, Шымкент қаласының тұрғыны:
Күнде келіп тұрамыз бос уақытымызда. Шкатулка, сумка тоқыдым, носки тоқимын. Тоқу менің бала күнгі арманым.

Ал Акбар қарияның зейнеткерлікке шықанына 5-6 жыл болды. Бұрынғыдай жиі араласатын ортасы болмағандықтан күнделікті «Белсенді өмір сүру» орталығына келеді. Мұнда оларға 30-дан астам қызмет түрі көрсетіледі. Бүгінде Шымкент қаласында 85 мыңға жуық зейнеткер бар.

Акбар Емберді, Шымкент қаласының тұрғыны:
Теннис, бильярд ойнаймыз. Иогасы бар. Ән айтатындар ән айтады. Билейді. Бір жағынан үйде отырғаннан гөрі өзің қатарлы құрдастармен кездесіп, сөйлесесің.

Шымкенттегі әлеуметтік орталықтар жұмысы бүгінде өзгелерге үлгі болып отыр. Бүгінге дейін шаһарға еліміздің 8 өңірінің әлеуметтік сала мамандары келіп, тың тәжірибені үйреніп қайтты.

Құралай Тілеумағанбетова, Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:
Ғимараты, адамдардың көңіл-күйі өте тамаша екен. Бізге ұнады. Осындай орталықтарды біздің облысымызда ашу мақсатында келіп жатырмыз.

Отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсететін тағы бір бірегей мекеме - «Бақытты жанұя» орталығы деп аталады. Мұнда қиын жағдайға тап болған жанұларға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық сауаттылық секілді 20-дан астам көмек түрі көрсетіледі. Биыл мекеменің көмегімен 600-ден аса ана қысқа мерзімді тегін оқу курстарында білім алған.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу