Заңсыз кәсіп: Жерасты паркингін иемденгендер тексерілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Заңсыз кәсіп: Жерасты паркингін иемденгендер тексерілуде

17.11.2022

Жерасты паркингінен орын алып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар қазір көп. Әсіресе, Астанада аттап бассаң паркингтерді жеке пайдасына жаратып жатқандарды көп көресің. Бірақ бұл бизнес қаншалықты заңды? Олар рұқсатты қалай алып отыр?

Басқарушы компания өкілінің сөзі бұл. Тұрғындардың «Жерасты тұрағына көлік жуу және көлік жөндеу орталықтары қайдан келді?» – деген сұрағына осылай жауап қатты. Ал Гранд Астана тұрғын үй кешенінде тұратындар бұл бизнеспен бір жарым жылдан бері күресіп келеді. Айтуларынша, кәсібін дөңгелетіп отырғандар қауіпсіздік талаптарын сақтай бермейді.

Айгерім Срайылова, қала тұрғыны:
Мәселе шаш етектен. Олар желдеткішті тексеріс келгенде ғана қосады. Кесірінен бояу иісіне тұншығамыз. Төменгі қабатта тұратындар техниканың шуынан, төменнен келетін сыздан зардап шегеді. Қалдық суларын кәріз жүйесіне құяды. Жұмысшылары да осында тұрып жатыр. Олар тамақ дайындау үшін газ баллондарын қолданады. Паркинг жылытылмаған соң тоқ құралдармен жылынады. Оның бәрі қауіпті ғой.

Басқарушы компания өкілі паркингтің байқау арқылы көп жылға жалға берілгенін айтады. Ал жалға алушы болса, бұл жерде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, күтіп ұстайтынын алға тартты.

Әділет Кәрімов, серіктестік директоры:
Былтыр келген кезде бұл үйдің жағдайы мәз емес болатын. Осы үй салынғаннан бастап ешқандай өзгерістер жасалмаған. Көп нәрселер істемейді. Желдету жүйесі жасамайды. Біраз кабель ұрланған. Қазір соның бәрін бір қалыпқа келтіріп жасап жатырмыз.

Дегенмен, санитарлық нормалардың бұзылғанын көзімен көрген уәкілетті орган өкілдері арнайы тексеріс жіберуге уәде берді. Өйткені тұрғындардың өміріне төнетін қауіп бар.

Абылайхан Мұстафин, Алматы ауданы әкімінің орынбасары:
Бүкіл нормалар бойынша біз өтініш жазамыз төтеншеліктерге, СЭС–ке. Олар екі немесе екі аптадан кейін нәтижесін береді. Сол нәтиже бойынша тұрғындар соттың шешімін алуға тиісті.

Алматы ауданы әкімдігіне жуырда ғана осындай үш шағым түскен. Жалпы елорда бойынша паркингте көлік жуатын орталықтар ондап саналады. Бірақ, бұл заңға томпақ келеді.

Жандос Тұяқов, заңгер:
Тұрақ орында автокөліктерге қызмет көрсету үшін, яғни техникалық қызмет көрсету үшін, осьтардың диагностикалық және реттеу жұмыстарын ұйымдастыру бойынша, сонымен қатар автокөлікті жууға бөлек ғимарат, осы мақсатта бөлме немесе бөлмелер тобын қамтамасыз етуі керек. Бұл туралы қолданыстағы құрылыс нормаларына сәйкес көрсетілген.

Құжатта 10 немесе одан көп блоктан тұратын көлік жуу орталығы тұрғын-үйден 15 метр қашықта орналасуы керегі де жазылған. Ал 11-ден 30 блогы барлары 25 метр алыс тұруы керек. Алайда Астанадағы мұндай орталықтарға қалай рұқсат берілгені белгісіз.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу