Павлодар облысында сапалы дизель отыны шығарылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында сапалы дизель отыны шығарылады

17.11.2022

Енді елімізде сапалы дизель отыны шағарылады. Павлодардың арнайы экономикалық аймағындағы мұнай-химия өнімдерін шығаратын кәсіпорын күрделі реагенттер дайындау үшін өте жоғары технологияға ден қойды. Соның арқасында өнімділікті екі-үш есеге дейін арттыруға мүмкіндік тумақ. 

Еліміздегі мұнай зауыттары шығаратын өнімдерге қажетті реагенттер мен қоспалар бұрын шет елдерден әкелінетін. Биыл алғаш рет отандық өнім ішкі нарықтан импортты ығыстыра бастады. Мәселен мына ыдыстардағы қоспалар мұнай құрамындағы күкірттің мөлшерін азайтып, суық температурада қатып қалмауына күш береді.

Бұл қоспалар дизель отынының аязға төзімділігін арттырып қана қоймайды. Техниканың қызмет көрсету мерзімін де ұлғайтады.

Қасым Амангелдин, кәсіпорынның бас технологы:
Бүгін өндіріп отырған өніміміз Атырау мұнай-химия зауытының тапсырысы бойынша істелініп отыр. Бұл дизель өнімінің сапасын арттыру үшін жасалып отырған қоспалар. Мақсатымыз адамдардың дизельмен жұмыс істейтін автокөліктерінің қозғалтқыштарының жұмыс істеу уақытын арттыру және еліміздегі дизельдің сапасын өсіру.

Қазір кәсіпорын тәулігіне 20 тонна өнім шығарады. Сұраныс көбейсе өнімділікті екі-үш есеге дейін арттыруға болады екен.

Ілияс Бейсембаев, кәсіпорын директоры:
Осы жерде 57 түрлі өнім шығара аламыз. Олардың бәрі нарықта сұранысқа ие. Ал, келер жылы ұнтақталған өнім шығаратын жаңа құрылысты бастаймыз. Жобаның маңыздылығын ескеріп мемлекет көмек беріп жатыр. Алғыс айтамыз.

Қазір кәсіпорында 14 адам жұмыс істейді. Келер жылы өндіріс қуаттылығын арттырып тағы 14 адамды жұмысқа қабылдау жоспарланып отыр. Бастысы алдағы екі жылда еліміздің мұнай өндіруші және өңдеуші кәсіпорындарын отандық өніммен қамту көлемі 60 пайызға жететін болады.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу