Елші: Президент сайлауы - болашаққа нық қадам - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елші: Президент сайлауы - болашаққа нық қадам

18.11.2022

Қазақстан орнықты даму жолында және алдағы сайлау елдің болашаққа тағы бір оң қадам жасауының көрінісі деп білеміз,- дейді АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі болған Ричард Хогланд. АҚШ астанасы Вашингтондағы Каспий саяси орталығында бас қосқан белді америкалық сарапшылар Қазақстандағы басты саяси науқан мен қатар екі жақты байланыстарды талқылады.

Қазақстандағы Президент сайлауына Вашингтондағы саяси қауымдастық үлкен қызығушылық танытып отыр. Бүгінгі шараға Орта Азияны, оның ішінде Қазақтанның саяси экономикалық ахуалын бір кісідей білетін сарапшылар жиналды. Мамандар әсіресе, биылғы саяси реформаларды ерекше бағалап отыр.

Гавин Хелф, АҚШ бейбітшілік институтының Орталық Азия бойынша аға сарапшысы:

Егер біз шын мәнінде Президенттік мандат туралы айтатын болсақ, оның жеті жыл деп бекітіліп, қайта сайлану құқығының алынып тасталуы- бұл жаңашылдық. Оның қалай болатынын көру үшін жеті жыл күтуіміз керек, әрі ішкі саясатқа әсерін де бағамдаймыз. Десе де, әр жеті жыл сайын мағыналы өзгерістер мен биліктің ауысуы болатыны анық.

АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі, кәсіби дипломат Ричард Хогланд Қазақстан тәуелсіздік алған тұстан «өте саналы түрде алға жылжып келе жатыр»- дейді. Бұл елеулі саяси өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Ал алдағы сайлау Қазақстанның болашаққа жасайтын тағы бір нық қадамы болмақ.

Ричард Хогланд, АҚШ Қазақстандағы бұрынғы елшісі (2008-2011):

Қазақстан – әміршілдік әкімшілдік экономика үлгісінен алшақ макроэкономикалық реформаны жүргізе білді, осылайша бүгінде қаржы секторлары шын мәнінде Орталық Европадағы және әлемдегі басқа орта елдермен тең дәрежеде, яғни жаңа экономикалық модель орнатты. Екінші және ерекше маңыздысы- Америка Құрама Штаттарының ядролық қаруды таратпау бойынша үлгілі серіктесі болды.

Каспий - саяси орталығы Орта Азияны оның ішінде Қазақтанды зерттейтін Вашингтондағы санаулы институттардың бірі. Мамандар «Қазақстан аймақтағы маңызды мемлекет болғандықтан мұндағы өзгерістер тұтас өңірге әсер етеді»,- дейді.

Эфган Нифти, Каспий саяси орталығының атқарушы директоры:


Өңірде үлкен өзгерістер болып жатқанын көріп отырмыз. Вашингтондағы саяси қоғамдастық жіті бақылайды. Біз Қазақстанға ерекше назар аударып, жаңалықтарды сараптап отырамыз. Елдегі елеулі өзгерістерден хабардармыз.

Сарапшылар сайлаудан соң да қайта жиналмақ. Қазақстандағы саяси науқанның қалай өткені жайлы ойларын ортаға салып, Вашингтондағы саяси элитаны хабардар етуді жоспарлап отыр. 

 Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу