Еліміздегі барлық сайлау учаскелері кезектен тыс Президент сайлауына дайын. Бүгін облыстардағы және ірі қалалардағы өңірлік сайлау комиссиялары орталыққа осылай есеп берді. Елде барлығы 10 101 учаске бар. Оның 68-і шетелде орналасқан. Ал еліміздегі 86 учаскеде дауыс беру өзгелерден 1 сағат бұрын басталады.
Одан бөлек Әскери бөлімдерде, медициналық мекемелерде, демалыс үйлерінде, тергеу изоляторларында, сондай-ақ Қазақстанның шет мемлекеттердегі өкілдіктеріндегі 514 учаскелік сайлау комиссиясында барлық сайлаушылар дауыс беріп болса, кез келген уақытта дауыс беру аяқталды деп жариялануы мүмкін. Орталық сайлау комиссиясы өңірлерге шығып бірқатар учаскенің дайындығын арнайы тексерген.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
Сапар барысында 155 сайлау учаскесінің материалдық-техникалық жарақтандыру, мүгедектігі бар адамдар үшін жағдай жасау, тізімдермен жұмыс істеу, жергілікті деңгейде оқыту-ұйымдастыру бақыланды.
Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының төрағасы халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден келген байқаушылармен кездесті. Оларға елдің сайлау туралы заңнамалары, сайлау науқанының негізгі кезеңдері, кандидаттарды тіркеу қорытындылары, сайлаушылар тізімі бойынша жұмысты ұйымдастыру жайында мәліметтер берді.
Сергей Лебедев, ТМД миссиясының төрағасы:
Байқауды біз бүгін ғана бастап отырған жоқпыз. Елде сайлау болады деп жарияланғаннан күннен өзімізге қажетті ақпараттарды жинап бастадық. Осы жаққа келіп жұмысты жалғастырдық. Біз халықаралық тараптардың орындалуын емес, сайлау қазақстанның заңына сай өтуін байқаймыз.
Чжан Мин, ШЫҰ миссиясының төрағасы:
Қазақстаннан бақылаушы болуға шақырту алысымен ұйымға мүше өзге мемлекеттерге ақпарат тараттық. Барлық тарап саяси науқанға қызығушылықтарын білдіріп, өкілдерін жіберді. Миссия өкілдері өз беттерінше, тәуелсіз жұмыс істейді. Енді біздің мамандар Астана қаласы мен Ақмола облысындағы учаскелерде жұмыс істейді.
Өмер Коджамен, ТМҰ миссиясының төрағасы:
Қазақстандағы сайлауға байқаушы болып келгенімізге қуаныштымын. Барлығы әлемдік тәжірибеге сай өтеді деп ойлаймын. Бұл сайлау елдің дамуына үлкен үлес қосады деген сенімдеміз. Жұмысымыздың қорытындысын дүйсенбі күні шығарамыз.
Оңғар Алпысбай