Қазақстан азаматтары үшін 53 шет мемлекетте 68 сайлау учаскесі құрылды. Қазақстан елшіліктері мен консулдықтарында орналасқан учаскелерде бүгін 12 мыңнан астам Отандасымыз дауыс береді деп күтілуде. Еуропа елдерінде сайлау учаскелері жаңа ғана ашылды.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Біз маңызды шарадан ақпарат тарату үшін еліміздің Италиядағы елшілігінде орналасқан нөмірі 245-учаскеге келдік. Рим уақыты Астана уақытынан 5 сағат артта. Сондықтан, әнұранымыз шырқалып, сайлау учаскесі жаңа ғана салтанатты түрде ашылды. Осы 245-сайлау учаскесінде дауыс беруге 300-ге жуық Отандасымыз тіркелген. Дені-дипломаттар, олардың отбасы мүшелері, студенттер мен Италияда жұмыс бабымен, отбасылық жағдайына байланысты тұрып жатқан Қазақстан азаматтары. Денсаулығына байланысты елшілікке келе алмайтын азаматтарға жылжымалы жәшіктерді қолдану арқылы көшпелі сайлау ұйымдастырылады. Оған жәшіктер сақадай сай тұр. Әзірге үйде дауыс беру туралы өтініш түспеген.