Бүгін, жексенбі, бірақ шұғыл қызметте жүрген қыз-жігіттер үшін, демалыс күн жоқ. Полиция, жедел жәрдем, өрт сөндірушілерді айтып отырмыз. Бірі таңғы жұмысы басталғанға дейін дауыс беріп жатса, түннен бері қызметте жүргендері, бос минуттарды пайдаланып, азаматтық таңдауын жасап жатыр.
Жедел жәрдемнің бұл бригадасы, түні бойы тік тұрып, қызметте жүрді. Шұғыл көмегің керек, дереу жет,-деп қоңырау шалатындар саябырсыды-ау дегенде, сайлау учаскесіне кеп, дауыс беріп, қайта қызметіне асығып кетіп барады.
Нұрқанат Сапарбеков, жедел жәрдем қызметкері:
Бізде кезекшілік барысында, таңғы уақытта шақыртулар азаяды. Осы уақытты пайдалана отырып, дауыс бердік. Елдің ертеңі үшін дауыс бердік.
Сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып, полиция қызметкерлері де келді. Таңғы жұмысы басталғанға дейін, дауыс беріп, өз таңдауын жасады. Ел тыныштығы мен жұрттың амандығын қамтамасыз етеді деп сенген үміткеріме, даусымды бердім,-дейді олар.
Ғабит Сәрсенбай, полицей:
Енді өздеріңіз білесіздер, полиция қызметкеріне жұмыстың уақыты белгіленбеген. Кез-келген уақытта дайын тұру керек. Бүгін ерте тұрып, өз сайлау учаскеме кеп, дауыс беріп шығып келе жатқан жағдай бар. Қазір бітті, қызметімізге кірісеміз. Барлық қазақ еліне сәттілік тілеймін.
Астананың құтқару қызметі үшін бүгінгі түн тыныш өтті. Ауысымды дін-аман аяқтаған Айбек, үйге барар алдын, өзі тіркелген сайлау учаскесіне бас сұғып, дауыс берді.
Айбек Тапаш, II мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға құтқарушысы:
Бүгін өзімнің кезекшілігімді аяқтап, жұмыстан кейін үйге барардың алдында, еліміздің ертеңі үшін, өз таңдауымды жасадым. Тек еліміздің амандығы үшін қызметімізді жалғастыра береміз.
Жексенбіде жұрт демалып, асықпай күн қарайғанша сайлау учаскесіне келе береді ғой. Ал, полицей, құтқарушы, дәрігерлер әне, қолы қызметтен қалт еткен бойда, сайлау учаскесіне кеп, өз таңдауын жасап жатыр. Ел болашағының қандай болмағын өз дауыстарымен сомдап жатыр.
Нұрбек Бекбау