Екі миллионнан аса тұрғыны бар Түркістан облысында дауыс беру әлі жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екі миллионнан аса тұрғыны бар Түркістан облысында дауыс беру әлі жалғасып жатыр

20.11.2022

Екі миллионнан аса тұрғыны бар Түркістан облысында дауыс беру әлі жалғасып жатыр. Оңтүстік жұрты бұған дейінгі саяси науқандарға өте белсенді қатысқан . Бұл жолы да кезектен тыс президенттік сайлауда республика бойынша ең көп дауыс берген аймақ ретінде көш бастап тұр. Саяси шараға шалғай орналасқан ауыл тұрғындары да атсалысуда.

Өзбекстанмен шекарадағы Достық ауылының тұрғындары жаппай сайлауға бара жатыр. Түрлі ұлт өкілдері қоныстанған елдімекеннің жасы да, жасамысы да саяси шарадан шет қалғысы келмейді. Осы сайлаудан кейін елде тұрақтылық пен татулық болса деп армандайды.

Алтын Мырзабаева, Достық ауылының тұрғыны:
Халыққа, елге мейірімді, шапағатты Президент болсын бала-шағамыздың несібесіне.
Хабибулла Торланбаева, Достық ауылының тұрғыны:
Халықтың әлеуметтік жағдайын, инфрақұрылымды көтеретін Президент керек бізге. Жылда сайлауға қатысып, дауысымызды береміз.

Ал, ауылдағы мектептен ашылған сайлау учаскесінде дауыс берушілерге ыстық палау әзірленді. Тәжік ұлтының өкілдері қазақтың дастарханы қашан да ынтымаққа себепкер болған. Саяси науқан кезінде бірлік пен татулықтың маңызы зор дейді.

Нигора Мирзожанова, Бостандық ауылының тұрғыны:
Бүгін біз тәжік ұлтының өкілдері де бір кісідей болып дауыс беруге келдік. Үмітіміз өте көп. Осы сайлаудың арқасында, әлі келешекте жастарымыз өсіп жатыр. Не мақсаттарымыз болса, орындалатынына сенімдіміз.

Келес ауданының Қарабура елдімекенінде тұратын отбасы мүшелері дауыс беруге үшем перзенттерін ертіп келді. Екі жастан асқан Ақасыл, Бекасыл және Нұрасыл атты сәбилердің ата-әжесі мен анасы таңдау жасады. Сайлау комиссиясының мүшелері сый-сыяпатын жасап, алғысын жеткізді. Осы перзенттеріміз ел болашағы үшін қызмет атқарар азаматтар болсын дейді, үшемдердің әжесі.

Мәрия Сағындықова, Қарабура ауылының тұрғыны:
Мына еліміздің көркеюіне үлесімізді қосуға келдік немерелірімізбен. Алла қаласа үшемдерімізді алып келдік. Еліміз көркейе берсін. Жақсара берсін!

Сарыағаштың егде жастағы тұрғындары жасы сексеннен асқан Асқар ата мен Тенемкүл әже учаскеге жете алмайтын болған соң, комиссия мүшелері оларға өздері барды. Сөйтіп қос зейнеткер болашақ Президентті үйде отырып таңдады.

Тенемкүл Байсыматова, зейнеткер:
Үміт күтеміз, жақсылық күтеміз. Жастар аман болсын. Жастарға қызмет берсін сайлаудан кейін.

Қанағат ауылында жаңадан отау құрған жас жұбайлар үйлену тойы күні сайлау учаскесіне барып, дауыс берді. Саяси науқанға бей-жай қарамаған Жаксылық Зайдин мен Жанару Сайлау еліміздің ертеңі жарқын болуы үшін таңдау жасадық дейді.

Айта кетейік, Түркістан облысы - сайлаушылары ең көп аймақ саналады. Елдің саяси белсенділігі де өте жоғары. 919 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр, онда 1 млн 163 мыңнан астам сайлаушы өз таңдауын жасауға мүмкіндік алды. 14 шетелдік байқаушы сайлау барысын бақылап жүр.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу