Петропавлда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 4 білім беру ошағы салынады. Бұны ел Президенті арнайы тапсырған еді. Осылайша өскелең ұрпақтың сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету жоспарланған. Жаңа әлеуметтік нысандар 2025 жылға дейін қолданысқа беріледі. Әкімдік құрылыс салуға арналған жер учаскелерін бөлді. Қазір инфрақұрылым тартылып жатыр. Заман талабына сай салынатын мектептерде 3300 бала білім алады. Бұл жөнінде Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің тұрғындармен кездесуінде айтылды. Білім беру саласының мамандары министрге өздерін толғандырған сауалдарын қойды.
Айгүл Байтүкина, мектеп кітапханашысы:
Біздің жалақымыз 100 мың теңгеге де жетпейді. Биыл қалалық мектеп кітапханашыларының біразы осы жұмыстан кетті. Өйткені жалақысы аз. Жақсы-жақсы мамандар жұмыстан кетті.
Министр кітапханашылардың жалақы проблемасын шешуге уәде етті. Ал күн тәртібіндегі басты мәселе – білім беру сапасын арттыру жайы болып қала бермек.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Оқу-ағарту министрі:
Солтүстік Қазақстан облысында ең көп шағын жинақты мектептер болғаннан кейін қала мен аудандағы орналасқан мектептердің арасындағы білім беру сапасындағы алшақтық байқалады. Сондықтан осы мәселені шешуіміз керек.