«Qazaqstan» телеарнасы «Сезім толқыны» телехикаясын түсіріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qazaqstan» телеарнасы «Сезім толқыны» телехикаясын түсіріп жатыр

24.11.2022

«Qazaqstan» Ұлттық арнасы «Сезім толқыны» атты телехикая түсіре бастады. Шынайы махаббат пен отбасылық құндылықтар дәріптелетін жоба үшін Ақтау қаласының көрікті жерлері мен қарт Каспийдің жағасы әдейі таңдалған. Жоба жетекшілері осы арқылы өңірдің туристік әлеуетін дамытуға да үлес қосуды көздейді.

«Сезім толқыны» телехикаясы Толқын есімді қыздың қиын тағдыры жайлы. Бойжеткен ата-анасынан ерте айрылып, кішкентай інісімен бірге жетімдіктің тақсыретін көп тартады. Қарақшылар баспанасын тартып алған соң, Ақтаудағы Қаныш ағасынан көмек сұрап келеді. Жаман ауруға шалдыққан Қаныш оған қандай өтініш айтады? Осыдан кейін бойжеткеннің тағдыры қалай өзгереді? Шытырман оқиғаларға толы сериалдың қазір 2 бөлімі түсірілді.

Айдын Әлиев, жобаның директоры:
Біздің ұлттық тәрбиемізді, шынайы махаббатты, ұттық идеямызды қамти отырып, біз осы сериалды түсіріп бастадық. Және сонымен қатар, бұл бізде Ақтаудың туризміне дамуына үлес қосамыз деп ойлаймыз.

Телехикаяда рөлдерді жас актерлер сомдайды. Толқын рөлін Дильназ Ертаева ойнайды. Актриса өнер академиясының биылғы түлегі. Бұған дейін «Ұлы дала таңы» фильмінде Алтынбикенің рөлін сомдаған.

Дильназ Ертаева, актриса:
Бұл менің 2-ші жобам. Жалпы рөліме келетін болсақ, Толқын атты кейіпкер қатты айтатын жерінде айтады, басылатын жерде басылады, екі мінезі де бар, сабырлы, тәрбиелі.

Телехикая 20 бөлімнен тұрады және толықтай Ақтау қаласында түсіріледі. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы биыл жалпы саны 221 бөлімнен тұратын 17 телехикая түсірді. Оның ішінде 5 тарихи сериал бар.

Аягөз Оралбайқызы


ұлттық арна Qazaqstan арнасы телехикая

Хабарламаларға жазылу