Ақтөбелік азамат әкесінің қайтыс болғанын дәлелдей алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбелік азамат әкесінің қайтыс болғанын дәлелдей алмай жүр

24.11.2022

8 жыл бұрын қайтыс болған адам тірілердің тізімінде жүр. Арнамызға хабарласқан ақтөбелік тұрғын әкесінің бақилық болғанын дәлелдей алмай сабылған. Ең сорақысы, белгісіз біреулер марқұмның атынан несие рәсімдемек болған. Әріптесім Жақсыбек Кемал мәселенің мән-жайына үңілуге тырысты.

Жақсыбек Кемал, тілші:
Қасқырбай Оразғалиұлы 8 жыл бұрын дәл осы қорымға жерленген. Алайда туыстары оның қайтыс болғанын әлі күнге дейін дәлелдей алмай жүр. Тіпті, белгісіз біреулер оның атынан несие де алмақшы болыпты.

Бұл оқиға көктемде болған. Өзін банк қызметкерімін деп таныстырған әлдекім марқұмның атынан несие алуға келісім берілгенін мәлімдеген соң Айгүлден маза кетті. Айтуынша, әкесі үйде жатып көз жұмған. Сол сәтте құжаттары қолында болмағандықтан, қайтыс болғаны туралы анықтаманы уақытылы ала алмаған.

Айгүл Оразғалиева, марқұмның қызы:
10 күннен кейін алып келіп едім, уже болды, үш күннен асып кетті, енді әкеңді шығармаймыз деді. Сонда да қолдарына ұстатып кеттім. Енді паспорт та жоқ, куәлік те жоқ. Зейнетақысы бар, несі бар, мен дымда білмеймін. Қолымда құжат жоқ қой. Өлді деген анықтама болмағасын, ештеңе тексере алмай тұрмын. Компьютерге кіре алмай тұрмын.

Айгүл әкемнің зейнетақысын біреу алып келді ме деп те күдіктенеді. Алайда, оны тексеруге мүмкіндігі жоқ. Қасқырбай Оразғалиұлы өмірінің соңғы жылдарында екінші отбасымен тұрған. Бір қызығы, қайтыс болғанына екі жыл өткен соң мекен жайы Әйтеке би ауданынан Мәртөкке ауыстырылғаны анықталды. Оны Айгүлге берілген мына құжат растайды. Облыстық халыққа қызмет көрсету орталығында да қайтыс болғаны туралы дерек тіркелмеген.

Игілік Қылышбай, «Азаматтарға арналған үкімет» МК, облыстық филиалының бас маманы:
Бұл кісінің қайтыс болғаны туралы ақпараттық жүйеде тіркелмеген. Енді бұл қайтыс болғаны туралы тіркеу үшін үйінде балалары болсын, не жолдасы болсын, туыстық қатынасты дәлелдейтін құжатпен ХҚКО келіп, қайтыс болғаны туралы тіркету қажет.

Бұл жағдайға марқұмның ауылдастары да алаңдаулы. Қайтыс болғанын көзбен көрдік, қажет болса, куә де боламыз дейді.

Амантұрлы Мешітбаев, ауыл тұрғыны:
Оң жаққа қойдым. Бүкіл халық біледі. Әйелдер, ер адамдардан сұрасаңыз да бәрі біледі. Осында жерленді.

Әйтеке би аудандық ауруханасы марқұмның туыстарына Қасқырбай Оразғалиұлы туралы ешқандай мәлімет жоғын хабарлаған. Мәртөк ауданынан да осыған ұқсас хабарлама келген. Жергілікті әкімдік өкілі мәселені сот қана шешеді дейді.

Сәлім Уәйісбаев, Қарабұтақ ауылдық округі әкімдігінің бөлім басшысы:
Бірыңғай база дейді ғой, сонда тұрады. Оны біз алып тастай алмаймыз. Құзыретіміз жоқ. Негізі бұл шаруаны шешудің тек бір жолы - сот арқылы ғана шешу керек.

Яғни марқұмның қайтыс болғанын сот арқылы тез арада дәлелдеуге болады. Ол үшін туыстары бейіті мен құлыптасын суретке түсіріп, екі куәгермен сотқа баруы керек. Бір қызығы дәл осы ауылдық округте үш жыл бұрын да осындай оқиға болған. Ол кезде де қайтыс болған тұрғынның туыстары сотқа жүгінген.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу