Қасым-Жомарт Тоқаев: Ресей-Украина арасындағы соғысты бейбіт жолмен тоқтату керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев: Ресей-Украина арасындағы соғысты бейбіт жолмен тоқтату керек

27.11.2022

Ресей-Украина арасындағы соғысты бейбіт жолмен тоқтату керек. Ереванда өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев жауласқан тараптарды бітімге келуге шақырды. Оның сөзінше, кез келген соғыс келіссөзбен аяқталады. Сондықтан уақытты жоғалтпай бітімге келудің мүмкіндіктерін пайдалану керек. «Стамбұлдағы келіссөз рауынды үміт сыйлаған еді, бірақ келісім іске аспады. Десе де, бауырлас орыс және украин халықтары арасының алшақтауына жол бермеу керек»,- деді Тоқаев.

Ресей-Украинаны айтпағанда, альянс ішінде де жанжалдар жалғасып жатыр. Жазда қырғыз-тәжік шекарасында әскерилер қақтығысып, жүзден астам сарбаз қаза тапқаны белгілі. Қос ел де бірлестікке мүше бола тұра әлі күнге дейін қырғи қабақ. Таулы Қарабах үшін 30 жылдан астам қан төгіскен Армения-Әзербайжан тағы бар. «Мұның соңы қайта соғысқа ұласпауы үшін конструктивті диалог орнату керек. Бұл – күрделі дағдарыстар мен қайшылықтардан шығудың ең оңтайлы жолы», - деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осы ретте Армян-Әзербайжан қақтығысын дипломатиялық жолмен реттеуге бағытталған шараларды қолдаймыз. Армения мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынастың қалпына келуіне бәріміз де мүдделіміз. Ресей тарапының бітімгерлік әрекеттері Армян-Әзербайжан қақтығысын тек саяси-дипломатиялық жолмен шешуге және екі жақтың бейбіт келісімге қол қоюына мүмкіндік береді деп үміттенеміз.

Альбина Әшім

Хабарламаларға жазылу