Биылғы тоғыз айда Қазақстан-Ресей арасындағы тауар айналымы 18 миллиардтан астам АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға көп. Ресейге шығатын экспорт көлемі 15 пайызға артқан. Осы жұмыстарды өркендетуге екі жақ та мүдделі.
Ресейдің Орынбор қаласында XVIII Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы басталды. Оған екі елдің Үкімет мүшелері мен шекаралас облыстардың басшылары қатысып жатыр. Форумның басты мақсаты - Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру, кәсіпкерлік байланысты арттыру. Сондықтан қос тарап саладағы кедергілерді қалай жоямыз деген мәселені ортаға салды. Санкция қыспағына ұшыраған ресейлік кәсіпорындар арасында біздің елге келуге ниеттілері аз емес. Бұған дейін жалпы құны 600 милион доллардан асатын 25 жоба іске асса, жақын арада тағы 20-дан аса келісім-шарт жасалмақ.
Ілияс Оспанов, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің комитет төрағасы:
Кәсіпорынды көшіру деген бірнеше жылдық жұмыс, дегенмен ол басталып келеді. 24 жоба бар, бірақ олардың соммасы 11 миллиардтан асуда. Сонымен қатар біз тағы 60-тан аса жобаны қарастырып жатырмыз. Жалпы соммасы олардың да 11 миллиардтан асып тұр.
Жақсыбек Кемал