Президент сапары: Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент сапары: Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті

28.11.2022

Халықаралық сауда-саттық қазір дағдарыста. Бірақ, соған қарамастан Қазақстан мен Ресей арасында тауар айналымы тарыққан жоқ. Қайта шекаралас өңірлерде сауда-саттық өсіп жатыр. Осы қарқынды бәсеңдетіп алмас үшін енді көлік логистикасын цифрландыру қажет. Яғни, заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға күш салынып жатыр. Ол үшін арнайы хабтарды құру жоспарланып отыр. Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге барды. Әріптесі Владимир Путинмен бірге жыл сайын ұйымдастырылатын өңіраралық форумға онлайн қатысты. 

Президенттің ресми сапары өткенге тағзым етуден басталды. Мемлекет басшысы Кремль қабырғасына бойлай орналасқан «Белгісіз жауынгер» монументіне гүл шоқтарын қойды.

Осыдан кейін Владимир Путин Президент Тоқаевты арнайы қарсы алды. Мемлекет басшылары өткен аптада ғана Ереванда кездескен еді. Бірақ бұл жолғы жүздесудің жөні бөлек.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Ресей еліміздің негізгі экономикалық серіктестерінің бірі. Сауда-саттық жыл сайын артып келеді. Былтыр алыс-беріс 30 пайызға өсіп, 24,5 млрд долларға жеткен. Биылғы күрделі геосаяси жағдайға қарамастан барыс-келіс белсенді. 9 ай қорытындысы бойынша 5 пайызға өсіп , 18 миллиардтан асқан. Дегенмен, әлеует жоғары. Тараптар көрсеткішті арттыруға мүдделі.

Биылғы өңіраралық ынтымақтастық форумының тақырыбы да осы. Халықаралық саудадағы инфрақұрылымдық шектеулерді алып тастау. 18-ші дәстүрлі жиын биыл Орынборда өтіп жатыр. Шекаралас аймақтардың билік пен бизнес өкілдері бас қосты. Ал президенттер жиынға бейнебайланыс арқылы қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Кооперациялық ынтымақтастыққа ерекше қызығушылық танытып отырмыз. Бүгінде бұл сала бойынша Қазақстан мен Ресей арасында жалпы құны 23 миллиард доллар болатын 110 бірлескен жоба жүзеге асырылып, 30 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Логистикалық желілерді жаңғыртуды жеделдету керек. Сауда мен экономика салаларында жаңа өсім көздерін қарастыруға уақытылы қабылданған батыл шешімдер ғана септігін тигізеді.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:
Қазіргі таңда Ресей Федерациясының 89 субъектісінің 76-сы Қазақстанмен тікелей сауда-экономикалық байланыс орнатқан. Бiрлескен көлiктiк-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңiл бөлiнедi. Ресей өзінің экспорттық-импортын жаңа нарықтарға бұру бойынша ауқымды шараларды жүзеге асырып жатыр.

Алыс-беріске жаңа серпін беру қос тараптың да мүддесі. Президент Тоқаев осы бағытта бірнеше ұсынысын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Трансшекаралық және өңіраралық ынтымақтастық жөніндегі шағын комиссияның қызметін күшейту қажет. Өңіраралық ынтымақтастық бағдарламаларын үйлестіру және іске асыру – аталған комиссияның негізгі міндеттерінің бірі. Шекара инфрақұрылымын жақсартуға, Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара пункттерінің өткізу мүмкіндігін кеңейтуге ерекше назар аудару қажет. Қазақстан тұрақты сауда-инвестиция қатынастарын дамытуға мүдделі.

Украинадағы жағдайға байланысты қазір Ресей мен Батыс елдерінің арасындағы текетірес күшейді. Санкцияның астында қалған теріскейдегі көршіміз енді шығысқа, әсіресе орталық азияға бет бұра бастады. Экономист Александр Разуваевтың пікірінше алдағы уақытта Ресей Түркі елдерінің ұйымына қосылуы әбден мүмкін.

Александр Разуваев, экономика ғылымдарының кандидаты:
Бату ханның тұсында көпестер Бейжіңнен орыс князьдарына дейін еш кедергісіз өте аламыз деп мақтанатын. Алтын орда бұл еуразия кеңістігіндегі сауда және қаржылай жаханданудың бірінші сәтті үлгісі. Біз енді осыны қазіргі уақытта қайталауымыз керек. Яғни кәсіпкерлерге еш алаңсыз сауда жасауға жағдай жасау қажет.

Форумнан кейін президенттер елдер арасындағы маңызды мәселелерді талқылап, екіжақты кездесу өткізді. Қос мемлекет бір-біріне сенімді серіктес, маңызды әріптес. Сан саладағы байланысты бекемдеп, достық сипатта өрбіп келе жатқан әріптестікті еселей түсуге қос елдің басшылығы да бейілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан үшін Ресей Федерациясы негізгі стратегиялық серіктес мемлекет. Ресей капиталының біздің елімізге бағытталуына қатысты үлкен жоспарымыз бар. Біз өзара тиімді шарттар негізінде Ресей капиталы Қазақстанда тұрақты жұмыс істеуі үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың даму деңгейіне көңіліміз толады деуге негіз бар. Сонымен қатар алға ұмтылу керек, дәл осы мақсатпен мен осында арнайы сапармен келдім.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:
Біз әр кездесуде ең алдымен, экономика мәселесін көтереміз. Өйткені бұл – біздің барлық саладағы табыстарымыздың негізі. Форумда біздің тараптар жақсы нәтижеге қол жеткізетініне сенімдімін, себебі сауданың дені шекаралас аймақтар арқылы өтеді.

Қазақстан мен Ресейді әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара біріктіреді. Ортақ тарихты да сызып тастай алмайсыз. Біздің елде ресейліктердің қатысуымен 17 мыңнан астам компания жұмыс істеп жатыр. Екі жақты инвестиция салу да тұрақты түрде өсіп, пандемияға дейінгі кезеңнен үштен бірге артқан. Әріптестік көкжиегін арттыруға әлі де үлкен мүмкіндік бар дейді сарапшы.

Сергей Календжян, экономика ғылымдарының докторы:
Егер де біз білім саласында берік ынтымақ орнатсақ, оның әрине экономикаға да оң әсері болады. Менің ойымша таяу уақытта осы саладағы әріптестік күшейе түспек. Оған президенттердің техникалық ғылымдар бойынша бірлескен оқу орындарын ашу туралы келісімі де сеп болары сөзсіз. Сонымен қатар қайта өңдеу саласында тәжірибе алмасу маңызды. Қос ел шикізатқа деген тәуелділіктен арылғысы келеді. Сол үшін де бірлескен жұмыс қажет.

Биыл қазан айында Қазақстан мен Ресейдің дипломатиялық байланыс орнатқанына 30 жыл толды. Маңызды белес. Осыған орай мемлекет басшылары арнайы декларацияға қол қойды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Иә, көршімен татудың көңілі тыныш. Ресми сапар сан түрлі саладағы ынтымақты жолға қойып, арадағы бағыт-бағдарды айқындауға сеп. Ал бүгін қол қойылған құжат бұл істі одан әрі ширата түспек.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу