Сән-салтанатқа салық келер жылы дайындалатын жаңа Салық кодексінде қарастырылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сән-салтанатқа салық келер жылы дайындалатын жаңа Салық кодексінде қарастырылады

29.11.2022

Сән-салтанатқа салық келер жылы дайындалатын жаңа Салық кодексінде қарастырылады. «Байлық салығы» әсіресе аса қымбат көлік мінген азаматтарға салынады. Міндетті төлем автомобильдің бағасы, шыққан жылын ескеріп, есептеледі. Мұндай көлік салығына ешқандай жеңілдік қарастырылмайды,- дейді жауаптылар.

Жазира Мыңбаева, ҚР Ұлттық экономика министрлігі салық және кеден саясаты департаментінің бас сарапшысы:

Мүлік салығын алатын болсақ жанама салық ретінде, яғни мөлшерлемесін жоғарылату арқылы салынады екен көп елде. Ал кейбір елде сән-салтанат салығы жеке салық ретінде қарастырылған. Мемлекет пен салық төлеушінің экономикалық мүдделерін қорғап, тепе-теңдікті сақтай отырып жасалынады.

Бірнеше жылжымайтын мүліктің иесі де «байлық салығын» төлеуі мүмкін. Бұған дейін министр Әлібек Қуантыров 10-15 пәтері бар адамдарға міндетті төлем енгізу жаңа құжатта мұқият қаралатынын айтқан. Экономистер «байлық салығын» нарықта әлеуметтік теңдік орнатудың тиімді жолы деп санайды.

Мақсат Халық, экономист:

Әлеуметтік осал топтар үшін кейін осы жиналған салық әлеуметтік төлем болып барады. Сонда мемлекет заңды түрде Робин Гудтың қызметін атқарады ғой. Әрине, салықтың тым жоғары болып кеткені де жақсы емес. Егер мемлекет көбірек табыс табамын деп, салық пайыздарын көбейте беретін болса, онда салық төлеушілердің біраз бөлігі көлеңкеге кетеді.

Сән-салтанат салығы дамыған елдерде бұрыннан бар. Мысалы Еуропалық одаққа ортақ салық болмағанымен, Францияның қалталы азаматтары мемлекетке табысынан аз ақша бермейді.

Жорж Бергозан, Салық заңы бойынша тәуелсіз сарапшы:

Францияда жылына бір млн еуро табатын бай-бағыландар кірісінің 75 пайызын салық ретінде төлеуі тиіс. Президент Макрон билікке келіп, оны кішкене азайтты. Себебі бай француздар елден қаша бастады. Бельгияда ондай салық жоқ. Сондықтан көбі Брюссельге көшіп келіп жатыр.

Анна Сусарова, адвокат:

Бельгияда жалақының 45 пайызын мемлекетке салық ретінде төлейсіз. Осы арқылы үкімет сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етеді, халыққа, жұмыссыздарға әлеуметтік көмек көрсетеді.

Мамандардың сөзінше, Қазақстанда бұл салықтың мөлшері қандай болары әзірге белгісіз. Жұмыс тобы әлемдік тәжірибені ескеріп, заң жобасын талқылап жатыр. Келер жылы құжатты Мәжілістің қарауына жіберуі тиіс.

Ақерке Бектас, тілші:

Сән-салтанат салығы елде жалпыға бірдей декларация аяқталған соң енгізіледі. Байлыққа салық ірі қалалар мен облыс орталықтарында, курорттық аймақтарда орналасқан жылжымайтын мүлік пен яхталарға да салынады. Аумағы 300 шаршы метрден асатын пәтері бар, 400 шаршы метрден асатын қала сыртындағы саяжай иелері де «байлық салығын» төлеуге міндеттелуі мүмкін.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу