Үкімет «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын мақұлдады. Оқу-ағарту министрінің айтуынша, ауқымды бағдарлама үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін толық шешуі тиіс. Осы мақсатта 2025-жылға дейін 400-ден аса мектеп салынбақ. Ол үшін бюджеттен 2 трилион 600 миллиард теңге қарастырылмақ. Әрі құрылысқа, жемқорлардан өндірілген ақша да жұмсалады дейді, министр. Айтуынша, соңғы 10 жылда оқушы саны 1 миллионға артып, 3,5 млн-ға жеткен. 800 мыңнан аса оқушы үшін қазір орын тапшы. Мәселені шешу үшін салынатын жайлы мектептердің қазіргі білім ордаларынан айырмашылығы көп.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Оқу-ағарту министрі:
Қазір салынатын мектептер ауылда да қалада да біріңғай стандартпен салынатын болады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратын жекелеген блоктарында оқиды. Сәйкесінше олардың өз оқу кабинеттері, өз әжетханалары, өз спорт залдары болады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Бейнебақылау, дыбыстық дабыл секілді қауіпсіздікті қарастырдық.
Сондай-ақ, мектеп ішінде оқулықтар мен жеке заттарды сақтауға арналған жеке шкафтар орнатылады. Осылайша оқушылардың ауыр сөмкелерін жеңілдетуге мүмкіндік туады дейді, Аймағамбетов. Әрі ұл-қыздарға ыңғайлы болуы үшін трансформер-парталар мен ауызсу фонтандары қойылады. Әр қабатта тынығу алаңдары болады. Оның үстіне құрылыс кезеңінде 60 мың, пайдалануға берілген соң 40 мың тұрақты жұмыс орыны ашылады. Премьер-министр құрылысты уақытында бастау үшін әкімдерге тиісті тапсырма берді.
Досжан Маратұлы