Президент Францияның жетекші компания басшыларымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Францияның жетекші компания басшыларымен кездесті

30.11.2022

Президент Францияның жетекші компания басшыларымен кездесті. 3 млрд доллар. Бұл қаржыны Францияның алып компаниялары Қазақстанға әкеле жатыр. Сома көлемі тағы еселеп артуы мүмкін. Қазақ-француз тарапы бір күнде 25 келісімге қол қойды. Қасым-Жомарт Тоқаев Парижге сапары кезінде Францияның жетекші компания өкілдерімен кездесті. Тараптар қандай бірлескен кәсіпорындар ашуға уағдаласты?

Вандом алаңы. Париждегі ең көне, кароль сарайы. Казақ басшысымен кездесуге тарихи орынды таңдаулары тегін емес. Тарихи байланыс жасап, оны тереңдете түсуге мүдделі. Жалпы, Франция көп салада алда. Бірақ тәжірибелерімен бөлісе бермейді. Ал бізге тың технологияларын беруге дайын. Айталық, Электроситидефонс компаниясы атом энергетика саласында ықпалдасуды ұсынды. Бұл салада олар озық.

Әлемде геосаяси ахуалдың ушығуынан алыс-беріс, барыс-келіске кедергі көбейді. Бірақ, оны да еңсеруге болады. Жаңа сын-қатер жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деді Президент. Франция Қазақстанды Еуропа мен Азияны жалғайтын көпір ретінде көреді. Логистиканың балама жолы – біздің транскаспий.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

Еуропаның идеологиясы - осы жолды дамытуға бізге көмектесуге дайын. Біз де қаржы салуға дайынбыз. Сондықтан осы жолды дамытсаңдар біз де инфрақұрылымды дамытуға ақша салуға дайынбыз деген.

Францияның атақты «Alstom» компаниясы теміржол инфрақұрылымына 50 миллион еуро инвестиция салуға ниет білдірді. Электровоздар мен жабдықтар шығару, сервистік қызмет көрсету жобаларын іске асыруға дайын. Тараптар келісімге қол қойды.

Ал Балқаш көлінің маңында француз компаниясымен бірлескен жаңартылған энергия станциясы салынады. Энергия қауіпсіздігіне шұғыл кіріспесе болмайды. Тапшылық қазірден бар.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:

Біраз уақыт керек. Бір ГБТ деген ірі компания. Ондай құрылыс болмаған тарихымызда. Өйткені үлкен станция. Және басқа да компаниялар. мысалы уран өндірісімен айналысаиын Уран деген компаниямен бүгін меморандумға қол қойылды. Бұл қосымша келесі осы уранды тек қана өндірмей оны басқа қосымша сборка дейміз, жинақталатын басқа тауарды, жанармай деп айтуға болады.

Бізге ең көп қаржы салған елдердің бірі – осы Франция. Бизнес ахуалды жақсарту үшін Қазақстан заңнаманы тағы өзгертуге дайын. Президент француздық компания басшыларына осыны жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қолданыстағы тасымал тізбегінің үзілуіне қарамастан біздің экспортымыз 50 пайызға өсті. Биылғы жарты жылда шетелдік серіктестеріміз экономикаға 15 миллиард доллар инвестиция құйды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 30 пайызға көп. Алдағы 7 жылда біз 150 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясын тартуды жоспарлап отырмыз. Қазақстан Орталық Азиядағы ең тартымды ел болуы үшін инвестициялық саясатымызды үнемі жетілдіріп отырамыз.

Тауар айналым 9 айда он екі пайызға артты. Енді технология бағытына бетбұрыс керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Францияның Қазақстандағы Сауда өкілдігін құру ынтымақтастығымызды нығайтуға өз септігін тигізер еді деп санаймын. Біз оның тезірек құрылғанын құптаймыз. Сондай-ақ француз компанияларын еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерін қарастыруға шақырамын. Жиынға қатысушылардың бәріне Қазақстан қауіпсіз және тұрақты инвестициялық орта қалыптастыруға кепілдік беретінін нық сеніммен айта аламын.

Бизнес форумда жалпы 25 құжат бекіді. Құны 3 млрд доллардан асады.

Әсима Нұрбайқызы, тілші:

30 жыл бұрын Еуропаға Қазақстан есігін ашты. Осы жылдар ішінде ел нарығына тек француздық 170 компания келді. Француздар үшін Қазақстан қазір сенімді серіктес. Бірлескен жобалардың қатары бүгінгі келіссөздер нәтижесінде тағы көбеймек. Демек, Еуропаға жаңа мүмкіндік, жаңа қақпа ашылмақ.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу