«ЕкібастұзЖылуЭнерго» серіктестігіне қатысты іс қозғалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«ЕкібастұзЖылуЭнерго» серіктестігіне қатысты іс қозғалды

30.11.2022

«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-не қатысты қылмыстық іс қозғады. Бүгін жылудан ажыратылған үйлер біртіндеп орталық магистральге қосылып жатыр. Кеше қаладағы ахуалдың күрделенуіне байланысты Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин кеншілер қаласына барды. Жедел шаралардың арқасында бүгін жұмыс анағұрлым ширады.

Үкімет басшысының орынбасары келе жедел штаб отырысын өткізді. Жылу желілеріндегі ең күрделі аумақтарды аралады. Ақауларды қалпына келтіру жұмыстарын ширатудың нақты амалдары сараланды. Жылу батареялары жарылып, үйлеріне су кірген пәтер иелерімен кездесті. Қаладағы барлық ауруханарда болды.

Орталық көшелердің бірінде ақау шығып 25 көпқабатты және 90 жекеменшік үй жылудан ажыратылған болатын. Бүгін оларға біртіндеп жылу беріле бастады. Орталық магистральге жылу барған соң жөндеу бригадаларына тұрғындар да көмектесіп жатыр. Қалада 15 жерден жылу пунктері ашылды. Тіпті, қона жатуға да болады.

Қуаныш Ибраев, қала тұрғыны:
Мына күннің аязына қарамай біздерге көмек беріп отыр. Жылытқыштар қойып, енді бүгіннен бастап кішкене жылынып отыр. Бір-біріне демеу беріп, көмек берген осындайда көрінеді.

Шаһарға көмек беру үшін еліміздің қалаларынан 30-ға тарта жөндеу бригадалары келген.

Болат Аманбаев, тілші:
Кеше дәл осы жерде көл-көсір су болатын. Сондықтан үш бірдей жедел жөндеу бригадалары жұмыс істеді. Енді міне көріп отырсыздар, құбыр жамалып, аққан су құрғатылған.

Негізгі жұмыстар қаланың басты көшесіндегі негізгі ақау шыққан орталық жылу пунктінде жүріп жатыр.

Болат Аманбаев, тілші:
Бұл жерде жөндеу жұмыстары басталғалы 3 тәулік болды. Инженерлік торап өте күрделі. Сондықтан мамандарға қиын болып тұр. Бірақ бүгіннен бастап аяздың беті сына бастады. Бұл басты кедергі болатын. Сондықтан жақын арада бір нәтиже болады деген үміт бар.

Бұны мамандар да жоққа шығармайды. Себебі негізгі жұмыстар атқарылған.

Евгений Панченко, жылу желілерінің бас инженері:

Осы нысан жөнделісімен жылудан ажыратылған көпқабатты 17 үй мен 1 әлеуметтік нысанға жылу беріледі. Қазір негізгі арматураларды бекітіп, 426 диаметрлік құбырды салып жатырмыз. Кешке қарай нәтижесін көруге тиіспіз.

Тоңып тұнжыраған тұрғындар төртінші тәулік күтіп отыр жылуды. Апат кезінде ешкім зардап шекпеді. Күндіз-түні үздіксіз жұмыс істеген мамандар да бүгін жылуды береміз -дейді.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу